Ауыл – ел бесігі: Ақтөбе облысының 83 ауылында 195 жоба іске асырылды
Бес жылдың ішінде Ақтөбе облысының 83 ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 29 млрд. теңгені құрайтын 195 жоба іске асырылды.
Жалпы бағдарлама Ақтөбе өңірінің 187 елді мекенін қамтыған. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт объектілері салынуда, елді мекендерді су және газбен қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру, жұмыс орындарын құру мәселелері шешілуде.
Бағдарламаның өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, бағдарламаны іске асырудың бес жылында өңірде 79 әлеуметтік нысан салынды және күрделі жөндеуден өтті, 167,5 шақырым инженерлік желі жаңғыртылып, 116,1 шақырым жол салынды және жөнделді.
«Биыл 39 ауылда 59 жобаны жүзеге асыруға 9,8 млрд. теңге бөлінді. 19,1 шақырым инженерлік желілер мен 11,9 шақырым су құбырларын салу, 32 әлеуметтік нысанды жөндеу және салу жоспарлануда. 12 жоба – ауыспалы. Жыл соңына дейін 27 жоба аяқталуы тиіс. Осылайша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша бөлінген қаражаттың 68%-ы немесе 6,7 млрд теңге игерілді», - деп нақтылады Нұржан Мақсатов.
Айта кетейік, 2025 жылы Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15 жобаны іске асыру жоспарлануда, оның 11-і – ауыспалы және 4-і – жаңа. Оған 5,9 млрд. теңге қаражат қажет.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының баяндамасынан соң, Асхат Шахаров әр аудан әкімінен проблемалық мәсәлелер туралы сұрады. Өңір басшысы өндірістік жұмыстар кестесіне сәйкес, объектілерді мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдық жерлерді дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бағдарламаның барлық қатысушылары бөлінген қаражатты белсенді игеріп, жобаларды мерзімінде аяқтауы маңызды. Мердігерлер жұмысының тиімділігін бағалаудың жаңа өлшемдерін әзірлеу қажет. Егер олар жосықсыз деп танылса, шартты бұзу керек, бұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды болдырмайды және жобаларды іске асырудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтеді», - деді әкім.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -