Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 тамыздағы жай-күйі туралы
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 8-і еншілес екінші деңгейдегі банктер, 2 банк 100% мемлекеттің қатысуымен.
2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторының активтері банк клиенттері салымдарының 38,5 трлн теңгеге дейін 2,8%-ға ұлғаюы аясында, негізінен өтімді активтердің 5,5%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге өсуі есебінен ағымдағы жылғы шілдеде 2,6%-ға немесе 1,5 трлн теңгеге ұлғайып (2024 жылдың басынан бері 10,4%-ға немесе 5,3 трлн теңгеге өсу), 56,8 трлн теңгені құрады. Сондай-ақ, активтердің өсуіне банктердің несие портфелінің 32,5 трлн теңгеге дейін 1,5%-а немесе 0,5 трлн теңгеге дейін ұлғаюы ықпал етті.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 17,2 трлн теңгені немесе активтердің 30,2%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген кредиттері 2024 жылғы шілдеде 1,4%-ға 30,5 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 9,3%-ға өсу) ұлғайды. Бұл ретте, ұлттық валютада берілген кредиттер 1,5%-ға 28,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында – 1,1%-ға 2,6 трлн теңгеге дейін, оның ішінде АҚШ долларының теңгеге қатысты 0,5%-ға нығаюы нәтижесінде қайта бағалауға байланысты өсті. Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 91,6 %-ды құрады (01.01.2024ж. - 92,3%).
Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы шілдеде негізінен негізгі құралдар сатып алуға берілген қарыздардың 12,9%- ға, инвестициялар мен бағалы қағаздардың 1,3%-ға өсуі есебінен 0,2%-ға 11,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 4,7%-ға өсу). Оның ішінде ірі бизнеске берілген қарыздар 2,9%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін өсті, ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,6%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін қысқарды, бұл негізінен жоспарлы өтеулерге және ШОБ қарыздарын ірі бизнес санатына қайта жіктеумен байланысты болды. Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 3,2%-ға 2,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 27,1%-ға өсу).
Салалар бөлінісінде ағымдағы жылғы 7 айда кредиттердің өсуі барлық салаларда дерлік байқалады: өнеркәсіпте – 3,8 трлн теңгеге дейін 13,7%-ға, сауда – 3,1 трлн теңгеге дейін 5,5%-ға, ауыл шаруашылығы - 179 млрд теңгеге дейін 5,4%- ға, құрылыс - 605 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға. Ірі қарыз алушылардың мерзімінен бұрын өтеуіне байланысты 790 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға – көлік және 168 млрд теңгеге дейін 17,9%-ға – ақпарат пен байланыс салаларында бизнес субъектілеріне кредиттер портфелінің төмендеуі байқалады.
2024 жылғы шілдеде бизнес субъектілеріне 1,5 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді. Бұл ретте, 2024 жылғы 7 айда аталған көрсеткіш 9,7 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22,0%-ға артық.
2024 жылғы шілдеде бизнеске берілген жаңа кредиттердің құрылымында 1 трлн теңге немесе 71%-ды құраған 1 жылға дейінгі қысқа мерзімді қарыздар басым болды, сол уақытта 1 жылдан астам мерзімге берілген жаңа кредиттердің үлесі 29%-ды немесе 419 млрд теңгені құрады, бұл инфляцияның және Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің біртіндеп төмендеуі аясында бизнес субъектілерінің мөлшерлеменің одан әрі төмендеуін күтуіне байланысты болды.
Осылайша, 2024 жылғы шілденің қорытындысы бойынша ірі бизнестің теңгемен кредиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 16,8%-ды (2024 жылғы маусымда – 17,0%, 2023 жылғы желтоқсанда – 18,2%), ШОБ субъектілеріне – 18,7%-ды (2024 жылғы маусымда – 18,7%, 2023 жылғы желтоқсанда – 19,2%) құрады.
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы шілдеде 2,2%-ға ұлғайып, 18,7 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бастап 12,3%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттер құрылымында тұтынушылық қарыздар 12,0 трлн теңгеге дейін 3,1%-ға ұлғайды.
Ипотекалық кредиттер 5,6 трлн теңгеге дейін 1,2%-ға ұлғайды. Тұтастай алғанда, ипотекалық кредиттеу және тұрғын үй нарығының 2023 жылы айтарлықтай қысқарғанынан кейін 2024 жылдың басынан оның қалпына келуі байқалды. 2024 жылғы 7 айда жаңа ипотекалық қарыздар беру шамамен 1,0 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға артық. Көрсеткіштің ұлғаюы жеңілдікпен ипотекалық қарыздар беру көлемін өткен жылдың деңгейінде сақтай отырып, нарықтық жағдайларда ипотекалық қарыздар берудің өсуіне байланысты болып отыр.
2024 жылғы шілдеде халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,3%-ды (2024 жылғы маусымда – 17,5%, 2023 жылғы желтоқсанда – 16,8%) құрады.
Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,1%-ын немесе 1,0 трлн теңгені құрады (2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 3,1% немесе 968 млрд теңге).
Бұл ретте, бизнеске берілген кредиттер бойынша портфельдің сапасының жақсаруы байқалады – NPL90+ қарыздардың үлесі 281 млрд теңгеге 2,2%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, халықтың кредиттері бойынша проблемалық берешектің өсуі байқалады, олардың үлесі ағымдағы жылғы бір айда 738 млрд теңгеге дейін 3,8%-дан 3,9%-ға дейін ұлғайды (01.07.2024ж. – 700 млрд теңге).
Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 70,5%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 75,9%).
Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы шілдеде негізінен банктердегі заңды тұлғалардың салымдарының 16,6 трлн теңгеге 5,1%-ға өсуі нәтижесінде 2,5%-ға 49,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 10%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге өсу).
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы шілдеде негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 2,7%-ға 28,5 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2,1%-ға 36,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы депозиттер 2024 жылғы шілдеде 0,2%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін, оның ішінде АҚШ долларының теңгеге қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 21,9%-ды құрады (2024 жылғы шілдеде – 25,6%).
Банктердің меншікті капиталы негізінен ағымдағы жылғы бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде 2024 жылғы шілдеде 3,7%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 13,2%-ға немесе 909 млрд теңгеге өсу). 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,7%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,6%-ды құрады (01.01.2024ж. – 21,5%), бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2024 жылғы қаңтар – шілдеде банктердің таза пайдасы 1 389 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 4,5%-ды (2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша – 4,6%), капитал рентабельділігі (ROE) 33,2%-ды (2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша – 37,5%) құрады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -