Қазақстан Елшісі Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының Бас директорына сенім грамоталарын тапсырды
Гаага, 2024 жылғы 15 қараша – Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі және Химиялық қаруға тыйым салу ұйымындағы (ХҚТҰ) Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов ХҚТҰ Бас директоры Фернандо Ариасқа сенім грамоталарын табыс етті.
Салтанатты рәсімнен кейін Ұйымның штаб-пәтерінде беделді халықаралық құрылым басшысымен кездесу өтіп, онда Қазақстан мен ХҚТҰ арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағы туралы қызығушылық танытқан пікір алмасу болды. Қ. Әбдірахманов Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, жаһандық мәселелер мен қақтығыстарды реттеуде халықаралық ұйымдардың рөлін арттыруға бейілділігін атап өтті.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияның дәйекті қолдаушысы болып табылады және химиялық қаруды қолдануға жол бермеу бойынша халықаралық күш-жігер шеңберінде кез келген жаппай қырып-жою қаруын қолдануға қатаң әрі дәйекті түрде қарсы ұстанымда. Қазақстан ХҚТҰ шеңберінде конструктивті ұстанымын көрсетіп, әртүрлі бағдарламалар, соның ішінде Химия-технологиялық орталықты құру бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Халықаралық ұйым басшысының назарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан маңызды реформалар барысы ұсынылды. Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі ережелер мен олардың елдің бейбіт және тұрақты дамуы үшін қолайлы сыртқы жағдайларды жасау мақсатында жүзеге асырылуы ерекше атап өтілді. Осы тұрғыда Қ. Әбдірахманов ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың БҰҰ қамқорлығымен және Биологиялық әрі уытты қару туралы конвенция аясында Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (ХБҚА) құру жөніндегі бастамасының маңыздылығына ерекше назар аудара отырып, Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының жаңа агенттікті қалыптастыруда «үлгілі модель» бола алатынын атап өтті.
Химиялық қарусыздану саласындағы тәжірибе мен білімді одан әрі тарату мақсатында Қазақстанның ХҚТҰ-да, атап айтқанда Химия-технологиялық орталық базасында отандық мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ елімізде тренинг бағдарламаларын өткізуге қызығушылығы айтылды. Сондай-ақ, Ф. Ариастың Қазақстанға ресми сапар жасау мүмкіндігі талқыланды.
ХҚТҰ 1997 жылы Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияны орындауды бақылау үшін Гаага қаласында құрылған. Конвенцияға 193 мемлекет қосылды. Қазақстан бұл құжатты 2000 жылғы 23 наурызда ратификациялады.
Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (ХБҚА) құру – Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші мерейтойлық сессиясында ұсынған бастамасы.
2024 жылғы қараша айында БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетінде «Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге және жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны күшейту және институционализациялау» қарары қабылданды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -