Қазақстан мен Сербия ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі, Белград ЭКСПО-2027 дайындалуда
Астана, 2024 жылғы 18 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сербия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Владимир Йовичичті қабылдады.
Сербияның Елшісі Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған 2027 жылғы 15 мамыр мен 15 тамыз аралығында Белградта өтетін ЭКСПО-2027 мамандандырылған халықаралық көрмесіне ресми шақыруын тапсырды. Аталған көрме «Адамзат үшін ойна: спорт пен музыка барлығы үшін» тақырыбында өтеді.
Серб дипломаты Қазақстанның бұл маңызды іс-шараға жоғары деңгейде қатысатынына және оның ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ықпал ететініне үміт білдірді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко шақыру үшін алғысын білдіріп, Сербияның Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуының маңыздылығын атап өтті және негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды тереңдетуге дайындығын растады.
Оған қоса, кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты қарым-қатынастардың ағымдағы жай-күйін талқылап, екі ел арасындағы алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.
Сұхбаттастар Президент Қ.Тоқаевтың Сербияға ресми сапары (2024 ж. 18-19 қараша) және екі елдің сыртқы істер министрлері Мұрат Нұртілеу мен Марко Джуричтің Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы (2024 ж. 24 қыркүйек) алаңындағы кездесуінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударды.
Дипломаттар экономикалық байланыстарды нығайтудың, әсіресе сауда, инвестиция және экономиканың негізгі секторларында бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұста 2025 жылы Астанада өтетін Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындықты жалғастыруға келісті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -