Қазақстан мен Сингапур: ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларын даярлаудағы алғашқы нәтижелер
Азаматтық авиация академиясының нұсқаушылары мен студенттері Temasek политехникалық институтында (Temasek Polytechnic, Сингапур) «Unmanned Aircraft Pilot License» бағдарламасы бойынша оқудан сәтті өтті.
Бұл жоба 2024 жылғы мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сингапур Республикасының Білім министрлігі арасында жасалған құжат халықаралық білім беру тәжірибесін және озық технологияларды мамандар даярлау жүйесіне енгізуге мүмкіндік ашты.
Оқу бағдарламасы 25 кг-ға дейінгі мультироторлы ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) пайдалану бойынша тереңдетілген теориялық және практикалық дайындықты қамтыды. Бағдарламаның маңызды бөлігі Сингапурдың авиациялық билігі – CAAS ұйымында емтихан тапсыру болды. Бұл қатысушыларға халықаралық талаптарды меңгеруге және ҰАЖ операторларының біліктілігін бағалау тәжірибесін игеруге мүмкіндік берді.
Бұл оқу жаңа нұсқаушыларды даярлаудың алғашқы кезеңі болды. Кәсіби даму циклі толық аяқталғаннан кейін және жеткілікті тәжірибе жинақтаған соң олар ҰАЖ операторларын барлық санаттар бойынша оқытуға, сондай-ақ қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелердің сыртқы пилоттарын даярлауға кіріседі.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы білім беру меморандумы жоғары технологиялар саласындағы бірлескен білім беру жобаларын кеңейтуге негіз қалады. Азаматтық авиация академиясының Temasek Polytechnic-пен алғашқы ынтымақтастығы инновациялық және технологиялық тұрғыдан күрделі бағыттардағы ортақ бағдарламаларды одан әрі дамытуға жол ашады.
1990 жылы негізі қаланған Temasek Polytechnic – Сингапурдағы техникалық және инженерлік білім беру саласындағы жетекші оқу орындарының бірі. Бүгінде институтта 16 000-нан астам студент білім алуда, ал оның бағдарламалары мамандарды тәжірибелік даярлауға бағытталған.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы білім беру меморандумын жүзеге асыру – еліміздегі авиация индустриясын дамыту және озық технологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам. Бұл Қазақстандағы мамандар даярлау деңгейін жаңа белеске көтеріп, оларды ұшқышсыз авиация және басқа да жоғары технологиялық салаларда жұмыс істеуге дайындауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -