Қазақстан СІМ басшысы Жапония Премьер-Министрінің арнайы өкілімен кездесу өткізді
Астана, 2025 жылғы 31 қаңтар – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапония Премьер-Министрінің арнайы өкілі Акихиса Нагашиманы қабылдады.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-жапон стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты талқылады.
2025 жылы бірлескен іс-шараларды дайындауға, оның ішінде Астанада «Орталық Азия + Жапония» диалогының бірінші саммитін ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Министр Қазақстан Азиядағы маңызды әріптес болып табылатын Жапониямен екіжақты өзара іс-қимылды дамытуға зор мән беріп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайындық расталды.
«Жапонияда экономиканың түрлі секторларында сұранысқа ие озық технологиялар мен инновациялар бар. Біз ынтымақтастықты кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз», – деп атап өтті М.Нұртілеу.
Тараптар энергетика, экология және аса маңызды металдарды өндіру салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға мүдделілік білдірді, бұл өзара сауда мен инвестициялардың өсуіне ықпал ететін болады.
А.Нагашима өз кезегінде Қазақстан Жапонияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі және екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін орнықты мүмкіндіктерге ие екенін атап өтті.
Кездесу барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
1993 жылы дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері жапондық компаниялар Қазақстан экономикасына 8 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды. 2024 жылы Жапониядан тікелей инвестиция көлемі 6%-ға өсіп, 300 млн АҚШ долларынан асты. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылдың 11 айында 1,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -