Қазақстан СІМ-де дипломатиялық миссиясының аяқталуына орaй Бразилияның Елшісін қабылдады
Астана, 2024 жылғы 2 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Бразилияның Елшісі Рубем Корреа Барбозаны оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орaй қабылдады.
Кездесу қарсаңында дипломаттар ҚР СІМ ғимаратында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын онлайн тыңдап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге бағытталған негізгі ережелерін талқылады.
Кездесу аясында бразилиялық дипломатқа екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің алғыс хаты табыс етілді.
Тараптар бүгінгі таңда Қазақстан мен Бразилия екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын өзара атап өтті.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарға ерекше көңіл бөлінді. Қазақ дипломаты бразилиялық спортшыларға 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сәттілік тіледі.
Кездесу соңында Елші Р. Корреа елімізде болған жылдар барысында жылы қабылдау алғаны үшін алғысын білдірді.
Бразилия – Қазақстаның Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі мемлекеттер арасында негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2024 жылғы қаңтар-шілде айларында екіжақты тауар айналымы 143,7 млн АҚШ долларын құрады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -