Қазақстан СІМ-де Солтүстік Македониямен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Астана, 2024 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Солтүстік Македония Республикасының Елшісі Сали Лиманимен кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат өз әріптесін Солтүстік Македонияның Тәуелсіздік күнімен (8 қыркүйекте аталып өтеді) құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан ел басшылығына құттықтау хаттарын табыс етті. Мемлекет басшысының Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға жолдаған құттықтауында «Солтүстік Македония өзінің мемлекеттілігін нығайтуда және азаматтарының әл-ауқатын арттыруда елеулі жетістіктерге жетті. Солтүстік Македонияның достас халқына өркендеу мен құт-береке тілеймін» деп аталып өтті.
Кездесу барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша екіжақты серіктестіктің ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылады. Экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде сауда мен инвестицияларды кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті аталып өтті. Биыл ашылған Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Елшілігі мен келесі жылы жоспарланған сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өзара қарым-қатынастарды тереңдетуге және нығайтуға ықпал етеді деген сенім білдірілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы ынтымақтастықты қолдау және дамыту мақсатында тұрақты және сындарлы пікір алмасып тұруға келісті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -