Қазақстан ТЖМ құтқарушылар тобының бір бөлігі Атырау облысынан тұрақты орналасу орындарына оралуда
Бүгін Атырау қаласында үш ай бойы су тасқыны салдарын жоюға қатысқан құтқарушыларды шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Бұл Шымкент қаласынан, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келген ҚР ТЖМ топтары, ТЖМ 52859 әскери бөлімінің, Қорғаныс министрлігінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері.
Іс-шараға ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов және облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты. Ведомство басшысы жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде жедел қабылданған шаралар арқасында еліміздегі 483 ауылды, 485 мыңнан аса азамат тұратын 118 мыңнан астам үйді қорғауға мүмкіндік берді. Тек Атырау облысында салынған қорғаныш үйіндісінің арқасында 20 мыңнан астам тұрғыны бар 14 елді мекеннің су басуына жол берілмеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында 120 мыңнан аса адам, оның ішінде 45 мыңнан астам бала алдын ала эвакуацияланды.
«Мұны Мемлекет басшысы оң атап өтті, ол құтқарушыларға және су тасқынын жоюға қатысқандардың барлығына ерекше алғыс білдірді. Біздің Бас қолбасшымыз барлық кезеңде бізбен бірге болды және барлық күштерді апатқа қарсы күресуге жұмылдырды. Оның тапсырмасы бойынша ТЖМ материалдық-техникалық базасы арнайы техника, тікұшақ және ұшақтармен жаңартылады. Өңірлерде Үкімет үлкен жұмыс атқаруда. Қазір азаматтарға уақытылы қаржылық көмек көрсетіліп жатыр, зардап шеккен аймақтарды қалпына келтірілу жұмыстары жалғасуда. Жергілікті әкімдіктер қорғаныс бөгеттерін салу үшін техникамен қамтамасыз етті және зардап шеккендерге уақытылы эвакуациялық пункттерін құрды. Табиғи апатпен күресте қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке және әкімдіктерге бәріміз алғыс айтамыз!, - деп ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Халықты эвакуациялауда Қазавиақұтқару, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның ұшқыштары маңызды рөл атқарды.Тәулік бойы жағалауды нығайту жұмыстарын біздің әскери қызметшілер мен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі және Мемлекеттік күзет қызметі жүзеге асырды. Олардың еңбегі ақталды, көптеген елді мекендер құтқарылды. Қазақстан Темір Жолы қызметкерлерінің арқасында төтенше жағдайлар аймақтарына күштер мен құралдарды уақтылы көшіру жүзеге асырылды. Полиция төтенше жағдай аймақтарында құқықтық тәртіп пен мүлікті тонаудан қорғауды қамтамасыз етті. Маңызды миссияны денсаулық сақтау мамандары мен психологтар орындады.
Зардап шеккен халыққа еріктілер және бей-жай қарамайтын азаматтар баға жетпес қолдау мен көмек көрсете отырып, ерекше үлес қосты. Азаматтық борышын өтей отырып, олар құтқарушылармен бірге қап төсеп, қорғаныс бөгеттерін тұрғызды.
Шара барысында ведомство басшысы азаматтық қорғау сержанты Рақым Бейбарыс Жалғасбайұлы мен азаматтық қорғау прапорщигі Балданов Бекжан Қуанышұлының туыстарына көңіл айтты. Қайтыс болған құтқарушыларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
«Су тасқынын жоюдағы негізгі жүктеме өз міндеттерін ар-намыс және абыроймен атқарған құтқарушыларымызға жүктелгені сөзсіз. Өкінішке орай, біздің қызметкерлер арасында шығын да бар. Бұл олардың отбасылары мен Министрлік үшін үлкен қайғы», - деп ТЖ министрі өз сөзінде айтты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -