Қазақстанда өңірлердің дербес дамуына жағдайлар жасалып келеді
Елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар шеңберінде мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі мен олардың дербестігі, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің орындалуын бақылаудың тиімді құралдары есебінен күшейтіліп келеді. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев ҚР Парламенті Сенатында өткен мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтты.
Министрдің айтуынша, өңірлік деңгейде нақты экономикалық белсенділік қалыптасып, жұмыс орындары ашылып жатыр. Халықтың жайлы өмір сүруіне тиісті жағдайлар жасалып келеді. Биыл өңірлердің дамуына 7,7 трлн теңге бағытталды. Бұл өңірлерді дамытуға басымдық берудің айқын дәлелі, яғни барлық республикалық бюджеттің - 30%. Тұтастай алғанда, 2025 жылға арналған жергілікті бюджеттердің шығыстары 19,3 трлн теңге көлемінде жоспарланған.Жергілікті билік органдарының шығындарын заңнамалық өзгерістер арқылы оңтайландырып, ашықтығын арттыруға жол ашылды. Мысалы, жыл басынан бері елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енген болатын. Оның негізгі мақсаттары – мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру, рәсімдерді жеңілдету мен оларды одан әрі автоматтандыру. Осы арқылы үш айда орналастырылған сатып алулар саны 528 мыңнан 600 мыңға дейін ұлғайып, барлығы 3,5 трлн теңгеге келісімшарттар жасалды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Бұл ретте шағымдар саны 12%-ға азайды. Отандық өндірушілерден сатып алу екі есеге артты, атап айтқанда 55,4 млрд теңгеден 124,7 млрд теңгеге дейін.
Өңірлердің қаржылық тәуелсіздігіне тағы бір маңызды қадам бюджетаралық қатынастарды реформалайтын және жергілікті органдардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтетін жаңа Бюджет кодексін айтуға болады. Тың тәсілдің негізгі қағидаттары республикалық және жергілікті бюджеттердің теңдігіне жол ашуды қарастырады. Трансферттерді жоспарлау кезінде енді жергілікті бюджеттердің болжамды кірістері мен шығыстары ескеріледі. Инфрақұрылымды дамытудың ең төменгі және өңірлік стандарттары енгізіліп жатыр. 2026 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар бюджеттік инвестициялық жобаларды дербес айқындайтын болады. Сонымен қатар Бюджет кодексіне қаражаттың мақсатты пайдаланылуына байланысты бақылау күшейтіледі.
Салық заңнамасын реформалау облыстарға өндірісті өз аумағына тартуға мүмкіндік береді. Өйткені өзгертілген құжат салықтардың, алымдардың және есеп-қисаптың көлемін азайтады. Сонымен қатар реформа қалған жеңілдіктерді жыл сайынғы талдаумен тиімсіздерін алып тастауға көмектеседі.
«Қолға алынған саяси және экономикалық реформалардың аясында мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі қарқынды түрде күшейіп келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, қуатты өңірлер – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Үкімет тек өкілеттік беріп қана қоймай өңірлердің дербес дамуына жағдай жасауға жіті мән беріп келеді. Енді сіздерде де бюджетті бөлуден бастап экономикалық саясатты бақылауға дейінгі нақты тетік бар. Қаржы министрлігі өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын», деді алқалы жиында Мәди Төкешұлы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -