Қазақстанда салықтық әкімшілендіру жеңілдетіліп келеді
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Қаржы министрлігінің алдына азаматтардың сенімін нығайту мақсатында жаңа салықтық әкімшілендіруді құруды жүктеген болатын. Қарағанды облысының іскер ортасы, қоғамдық бірлестіктің өкілдері және өңір халқы жиналған кездесуде Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов отандастарымыздың өмірін айтарлықтай жеңілдететін және құжаттарды өңдеп, уақытты үнемдеуге септесетін жаңа салықтық әкімшілендірудің артықшылықтары туралы айтып берді.
Ведомствоның қызметіндегі маңызды бағыттың бірі – сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Айталық, Интеграцияланған салықтық әкімшілендірудің жүйесі (ИСӘЖ) бірнеше мемлекеттік органның жұмысын кешенді түрде автоматтандыруға арналған өнім. Оны әзірлеу кезінде озық технологиялар қолданылды. Сондықтан да ол 40-тан астам сыртқы жүйемен біріктіріліп, оларға ашық API ұсынуға дайын.
ИСӘЖ құжаттарды өңдеу уақытын 1 минутқа дейін қысқартып, сондай-ақ бір мезгілде 250 мыңнан астам пайдаланушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа технология жалпыға бірдей декларацияның соңғы кезеңін үздіксіз іске қосуға көмектеседі.
Бұдан басқа заңды тұлғаларды оңалту мен банкроттық процес толығымен автоматтандырылған, бұл әкімшілермен және конкурстық басқарушылармен электронды түрде өзара байланыс жасауға жол ашады.
Сыртқы жүйелерге ашық API ұсыну – бұл мемлекеттік кірістер органдарының сервистік қызмет көрсету моделіне ауысудағы қадамы. Қызметтер тізімі үнемі кеңейіп отыратынын атап өткен жөн.
«Қазір Қаржы министрлігі 48 мемлекеттік қызметті көрсетіп келеді. Олардың ішінде 44 қызмет немесе 92% электронды түрде ұсынылып жүр. Бұл ретте 2023 жылы республика бойынша 20,9 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 99,4% электронды түрде (20,8 млн) болғанын айта кетейік. Ал биыл 8 айда 15,8 млн мемлекеттік қызмет ұсынылып, оның 99,5% электронды форматта іске асырылды (15,7 млн)», деді кездесуде Әсет Нұрланұлы.
Анықтама:
2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қарағанды облысында 120 мыңнан астам бизнес субъектісі тіркелген.
2023 жылы мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 85,8% (614,8 млрд теңге), ал 2024 жылдың 8 айында 79,6% орындалды (жоспар бойынша 509,1 млрд теңге көзделіп, 405,4 млрд теңге түсті).
Қарағанды облысының 2024 жылға арналған бюджетінің шығыстары 828 499,1 млн теңге сомасында жоспарланған. 1 қыркүйекте орындау 96,4% жетті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -