Қазақстандық делегация Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында зияткерлік меншік бойынша жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға қатысты
Ағымдағы жылдың 11-14 қыркүйек аралығында Бейжің қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ), ҚХР Зияткерлік меншік жөніндегі мемлекеттік басқармасы, ҚХР Авторлық құқықтар жөніндегі мемлекеттік басқармасы, Сауда министрлігі және ҚХР Үкіметі ұйымдастырған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде зияткерлік меншік бойынша жоғары деңгейдегі үшінші конференция өтті.
Іс-шараға 55-тен астам елдің өкілі қатысты.
Қазақстан Республикасынан делегацияны Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова бастап барды.
Вице-министр өз сөзінде Қазақстанның зияткерлік меншік жүйесін жетілдіру бойынша мақсатты және дәйекті қадамдар жасап жатқанын атап өтті. Өнертапқыштық қызметті ынталандыруға және талантты инноваторларды қолдауға бағытталған жобалар туралы, сондай-ақ ДЗМҰ-мен бірлесіп зияткерлік меншік және бизнес бойынша еуразиялық кеңістіктегі бірінші және жалғыз магистрлік бағдарламаны іске қосу туралы толығырақ айтып берді.
Ботагөз Жақселекова ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум шеңберінде Қытай Халық Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік басқармасымен халықаралық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
Оның ішінде вице-министр 4 қазанда Астана қаласында Азия елдері үшін Жаһандық инновациялық ынтымақтастықтың 2024 жылғы есебін жариялаудың өңірлік рәсімін өткізу туралы хабардар етті. Бұл шара Орталық Азия өңірі үшін маңызды болып табылады, оған Азияның 20-ға жуық елі, сондай-ақ халықаралық, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.
Сонымен қатар, Ботагөз Жақселекова «Қытайдың зияткерлік меншік туралы жаңалықтары» басылымына сұхбат берді. Сұхбат аясында зияткерлік меншікті қорғау мен сақтаудың негізгі аспектілері, сондай-ақ Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықтың рөлі туралы айтып берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -