Қазнеттің 30 жылдығы: сарапшылар Қазақстандағы Интернет сегментіндегі домендік атауларды реттеу мәселелерін талқылады
Киберқауіпсіздік бойынша жыл сайынғы халықаралық KazHakhStan-2024 конференциясының екінші күнінде Қазнеттің 30 жылдығына орай, Қазақстан Интернет сегментіндегі домендік атауларды реттеу мәселелеріне арналған панельдік сессия өтті.
Іс-шарада спикерлері ретінде ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова, KazNIC директоры Павел Гусев, «Hoster.KZ» ЖШС директоры Денис Сухачев, Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша ICANN өкілі Михаил Анисимов, «WebTotem» ЖШС директоры Руслан Тұрғұлдинов және «PS Интернет компаниясы» ЖШС PS.kz бас директоры Никита Красулин қатысты.
KazNIC компаниясының директоры Павел Гусевтің айтуынша, Қазақстандағы алғашқы Relcom.kz домені 1994 жылы тіркелген. Бүгінгі таңда 189 720 KZ домендік атауы тіркелген. Оның мәліметтері бойынша, домендерді тіркеу бойынша Алматы облысы көш бастап тұр (57,97%), екінші орында Ақмола облысы (20,09%) және үшінші орында Қарағанды облысы (5,07%).
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті домендік атауларды бақылау және реттеу жұмыстарын жүргізеді. ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекованың айтуынша, Қазақстандағы домендік кеңістіктің дамуы және домендік атаулар экожүйесі бірнеше негізгі ұйымдармен басқарылады.
«Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығы» ЗТБ домендік кеңістіктің дамуына, соның ішінде домендерді тіркеуге жәрдемдесу және ұлттық интернет инфрақұрылымын қолдауға жауапты.
KazNIC (Қазақ желілік ақпарат орталығы) .KZ және .ҚАЗ домендік аймақтарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, домендік атаулардың техникалық инфрақұрылымын қолдайды. 12 тіркеуші (заңды тұлғалар) домендік атауларды тіркеу қызметтерін ұсынады.
KZ-CERT — киберқауіптерді бақылау орталығы, ол ақпараттық қауіпсіздік инциденттерін анықтап, олардың алдын алумен айналысады. Сонымен қатар,
WebTotem компаниясы домендік атауларды киберқауіптерден қорғау бойынша қызметтер ұсынады, бұл цифрлық ортаны қауіпсіз етуге көмектеседі.
«Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» ЗТБ BugBounty платформасы пайдаланушыларға осалдықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беріп, домендерді сыртқы шабуылдардан қорғауды жақсартады.
Қатысушылар домендік атаулардың пайда болу тарихын және оларды реттеуді талқылады, сондай-ақ қауіпсіздік, домендік атауларға құқықтарды қорғау мәселелерін қозғады және 30 жыл ішінде атқарылған жұмыстарды атап өтті.
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -