Бүгін – аты аңызға айналған әскери қолбасшы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл
Бұл күндері еліміздің бүкіл өңірінде Кеңес Одағының батыры, №1 Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің еске алуға арналған шаралар өтіп жатыр.
Алматыда генерал тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Батырды еске алуға Алматы гарнизонының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, әкімдіктің, жергілікті әскери басқару органдарының, әскери-оқу орындарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары келді.
– Сағадат Қожахметұлы – бүкіл ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған адам. Ел үшін қиын уақытта ол армияны басқара отырып, Қазақстанның қазіргі Қарулы күштерінің негізін қалады. Оның абырой беделі әскери тәртіпті нығайтуға және әскери әлеуетті сақтауға көмектесті, – деді отставкадағы генерал-майор Павел Новиков жиында сөйлеген сөзінде.
Шеңгелді гарнизонында 54179 әскери бөлімінің аумағында Сағадат Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай мемориалдық тақта ашылды.
Іс-шараға бөлімнің әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің түлектері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты.
– Сағадат Қожахметұлы – тұңғыш Қорғаныс министрі. Ол мемлекет тарихында бірінші болып Халық қаһарманы атағына ие болды. Қазақстан Қарулы күштері тарихында оған алғаш рет «армия генералы» ең жоғары әскери атағы берілді. Аты аңызға айналған батырдың тұлғасы қазақстандық жауынгерлердің барлық буынына үлгі-өнеге, – деп атап өтті 54179 әскери бөлімінің командирі полковник Жеңісжан Байжан.
Алматыда «Халық шаруашылығы университеті» КЕАҚ әскери кафедрасының базасында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери-патриоттық орталықтың салтанатты ашылуы өтті. Қарулы күштер ардагерлерінің, ЖОО басшылығының, әскери кафедраның жеке құрамының қатысуымен лентаны кесіп, орталықты ашу мәртебесі Халық шаруашылығы университетінің президенті Мирас Дәуленовке, Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Владимир Тузиковқа және армия генералының немересі Айжан Нұрмағамбетоваға берілді.
Іс-шара аясында «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жауынгерлік жолы» атты деректі фильмі көрсетілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -