Бүгін Павлодар облысының әкімдігінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды
Өңір басшысы Асайын Байханов және ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен өткен жиналысқа қаржы институттары мен агроқұрылымдардың басшылары, сондай-ақ, облыс аудандарының әкімдері қатысты.
Жиналыс барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 5 жыл ішінде жалпы агроөнім көлемін 2 есеге ұлғайту және өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Асайын Байханов көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндап, өткен жылғы маусымның күрделі болғанына қарамастан, биыл аграршылар егіс жұмыстарын сәтті жүргізіп жатқанын және 15 маусымға дейін аяқтайтынын атап өтті. Майлы және жемшөп дақылдарының егістік алқабын ұлғайту есебінен биыл егіс алқабы 20 мың га ұлғайтылып, 1,7 млн. га құрайды.
- Облыс 175 мың тонна көлемінде тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 17 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Арзандатылған дизель отыны кестеге сәйкес жеткілікті мөлшерде жіберілуде. 27 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды, - деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтың тапсырмасы бойынша жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту үшін алғаш рет облыс бюджетінен 7,2 млрд. теңге бөлінді. Форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 799,2 млн. теңгеге 15 өтінім қабылданып, қаралды. «Кең дала» бағдарламасы аясында 2,8 млрд. теңгеге 113 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Жалпы, несиеге берілетін болжамды қаражат көлемі 4,0 млрд. теңгеден астам соманы құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы жылдың 15 мамырынан бастап дизель отынын бөлу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Әкімдіктер мен фермерлердің өтініштері бойынша дақылдар түрлері бойынша және бір гектарға дизель отыны шығынының бірыңғай базалық нормативтері алынып тасталды. Егер бұрын дәнді дақылдар бойынша нормативтер 1 гектарға 15 литрді құраса, қазір олар орта есеппен 17-18 литрді құрайды. Бұл өзгерістер дизель отынын биылғы өнімді жинау жұмыстарына бөлу кезінде күшіне енеді.
Сондай-ақ, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында отандық тыңайтқыштар үшін субсидиялаудың 60%-дық ұлғайтылған нормативін көздейтін аванстық субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Сонымен қатар, отандық тыңайтқыш өндірушілермен бөліп төлеу мәселесі де пысықталды.
Биылғы жылы Үкіметпен көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудың барлық мәселелері шешілді.- Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары аграрлық несие корпорациясының желісі бойынша тек 140 млрд. теңге бөлінетін. Биыл жеңілдетілген қаржыландыру 580 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 400 млрд. теңге - несие қаражатының қосымша көлемі. Бұл тетіктің жаңалығы қаржы институттарын тікелей субсидиялау болып табылады, бұл аграрларға жылдық 5 %-бен қаражат алуға мүмкіндік береді, - деді Айдарбек Сапаров.
Жиналыста «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ сияқты қаржы институттарының басшылары аграршыларды қаржыландыру тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіСуреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -