Балқашта балалар жасаған ең үздік қар мүсіндері таңдалды
Өткен және келе жатқан жылдың бейнелері - ұлу мен жылан, ертегілер мен мультфильмдер кейіпкерлері, көңілді қар адамдары, қолтырауын мен аю. Балқашта 14 мектептің оқушылары ең әдемі қар мүсінін жасаудан өзара сайысты. Балалар мүсіндері Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңды безендірді.
Қатысушыларға шамамен бір сағат уақыт берілді. Осы уақыт ішінде олар қар мүсінін жасап, оны бояп, безендіруі тиіс болатын.
Балалар күректермен қаруланып, өздерімен бірге ашық түсті бояулар алып келді және жақсы көңіл-күймен жұмысқа кірісті. Кішкене күш пен қиялды біріктіріп, ұлпа қарды мүсінге айналдырды.
Оқушылардың жұмысын қазылар алқасы бағалады. Олар қатысушы командалардың ең мықты жақтарын атап өтті.
Судьялардың шешімімен Ағыбай батыр атындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері, № 24 мектеп-интернат, Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицей және Ы. Алтынсарин атындағы мектеп оқушылары соққан мүсіндер үздік деп танылды.
Екінші орында – Әл-Фараби атындағы, Ә. Бөкейхан атындағы, № 9, 5 мектептер және С. Сейфуллин атындағы мектеп-гимназия оқушыларынан құралған командалар.
Үшінші орында – Б. Момышұлы атындағы, № 3, 4, 1, мектептердің, М. Русаков атындағы мектеп-интернат.
Байқау мектеп демалысы кезінде "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -