Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) өкілдері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстандағы Отбасы күнін мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы туралы» атты дөңгелек үстел барысында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.
Еңбекмині Әлеуметтік көмек департаменті басқармасының басшысы Гүлмира Жәкенқызы өз сөзінде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көп деңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалары бар отбасыларға республикалық бюджеттен жәрдемақылардың 5 түрі және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төлемдердің 2 түрі төленеді.
Мәселен, республикалық бюджеттен бала тууға біржолғы жәрдемақы, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы, 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамға берілетін жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.
МӘСҚ-тан әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем жүзеге асырылады.
«Биыл 3,4 млн отбасы үшін жалпы сомасы 1 трлн 660 млрд теңгеге әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Осы жылдың 7 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдер 2,6 млн-нан астам отбасына тағайындалды», – деді Гүлмира Жәкенқызы.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемдер тағайындалады. 2024 жылғы 1 тамызда аталған төлем 151 мыңға жуық адамға төленді. Төлемнің мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты болады. Биыл бұл әлеуметтік төлемді 273 мыңнан астам ана алады деп күтілуде.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала тууға арналған біржолғы жәрдемақы мөлшері ұлғайды. Бірінші, екінші, үшінші балаға ол 140 296 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп балаға – 232 596 теңгені құрайды.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша бюджеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақы баланың туу кезегіне байланысты, бірінші, екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 21 266 теңгеден 32 859 теңгеге дейінгі мөлшердe ұлғайта отырып төленеді. МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем мөлшері жұмыс істейтін әйелдердің соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ын құрайды.
Спикер бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Жәрдемақы мөлшері 4 баласы бар отбасы үшін 59 183 теңгеден бастап, 8 баласы бар отбасылар үшін 118 144 теңгеге дейін балалар саны бойынша сараланады. Ал одан да көп баласы бар отбасылар үшін бұл сома әр бала үшін 14 768 теңгеге артып отырады. Биыл бұл жәрдемақы 600 мыңнан астам отбасына төленеді, бұл мақсаттарға 474,8 млрд теңге қарастырылған», – деді Гүлмира Жәкенқызы.
Көпбалалы аналардың беделін арттыру үшін өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады, ол табысына қарамастан «Күміс алқа» және «Алтын алқамен» марапатталған әйелдерге төленеді.
Биыл бұл жәрдемақыны 238 мың анаға төлеу жоспарда бар, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге қарастырылған.
Өткен жылы қабылданған Әлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды. Биыл бұл жәрдемақыны 109 мыңнан астам адамға төлеу жоспарлануда.
Сонымен бірге, отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен болған жағдайда, мемлекет отбасына қосымша атаулы әлеуметтік көмек ұсынады. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ай сайынғы қосымша төлем трінде көмек көрсетіледі. Осы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 370 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -