Баспаналы болу – бір бақыт
Әлеуметтік қызметтер үйі ғимаратында Алматыда үй кезегінде тұрған 124 азаматқа жалға берілетін пәтер кілті табысталды
, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Баспаналы болу бақытына ие болғандар қатарында жетім балалар, І, ІІ топ мүгедектері, толық емес және көпбалалы отбасы мүшелері, зейнеткерлер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар.
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы жүректері лүпілдеп, пәтер кілтін алуға келген тұрғындарды құттықтап, үйді пайдалану бойынша техникалық қызметке қатысты ережені егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ол сондай-ақ, берілетін пәтерлердің жай-күйіне тоқталды.
"Қазір тұрғындар келісімшартқа қол қойғаннан кейін, үйлерінің кілтін алады. Берілетін пәтерлер дайын тұр. Онда жылу, ыстық-суық су, жарық бәрі қосылған. Кіре беруге яғни, қоныстануға болады. Бірақ, тұрғындар уақытша электр плиталарын қолдануға тура келеді. Ал газ пәтер иелеріне 100% қоныстанған соң беріледі", - деді Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
"Бір сағат ерте келіп алдым. 9:00-ден бастап осында отырмын. Көп балалы ана ретінде 2005 жылдан бері пәтер кезегінде тұрдым. Осы үйді күткеніме 15 жыл болды. Міне, 74 жасқа келгенде маған осындай баспана бақыты бұйырыпты. Қуанышымда шек жоқ. Әлі сене алар емеспін. Барлығыңа рахмет", – дейді алматылық Айнагүл Еркешова.
Пәтер кілтін алуға келген тұрғындардың арасында өзінің эмоциясын жасыра алмай, ерекше сезіммен әңгіме айтып отырған жас келіншекке жақындадық. Өзін Салтанат деп таныстырған жас ана бұл пәтерді 2014 жылдан бері күтіп жүр екен.
"Бұл пәтерді күткенімізге 10 жыл болыпты. Енді біздің өзіміздің ас бөлмеміз, өзіміздің кір жуатын машинамыз, телевизорымыз болады. Дәл қазір жүрегім жарылардай қуанып тұрмын, кілт алғанда жылап та қалуым мүмкін", - дейді ерекше күтімді қажет ететін баланың анасы.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы қаладағы коммуналдық тұрғын үй қорынан 2000 жалдамалы пәтер бөлінген болатын. Бірінші жартыжылдықта Наурызбай мен Медеу аудандарында 1080 отбасы жалдамалы тұрғын үйден пәтер иеленді. Қараша айында тағы 920 алматылыққа кілт табысталып, олар Наурызбай ауданындағы жаңа пәтерлерге қоныстанады.
Мәселен, 1 қарашада пәтер кезегінде тұрған – 201 тұрғынға, 5 қарашада – 200 тұрғынға, 7 қарашада 175 қала тұрғынына пәтер кілттері табысталды. Ал бүгін 15 қарашада әлеуметтік осал топқа жататын 124 алматылық қоныс тойын тойлағалы отыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -