Бейбіт Исабаев: алдағы 2 жылда Талдықорған қаласын абаттандыруға ерекше көңіл бөлеміз
Жетісу ауданының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының жол инфрақұрылымындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды Жетісу ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының жұмыс сапары «3-ші бөлімшедегі» жол жөндеу жұмыстарының барысын шолудан басталды. Мұнда ұзындығы 15 шақырым болатын қолданыстағы 20 көшенің барлығын кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарлануда. Жоба 3 жылға есептелген. Қазір 3 көшеде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстарды атқарып жатқан мердігер компания өкілдерімен өзекті мәселелерді талқылаған аймақ басшысы жоспарланған жұмыс көлемін тиімді әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі Жақсыгелдинов көшесінің тұрғындары үш жылдан бері ұзаққа созылған жөндеу жұмыстарының аяқталуын күткен Өтенай ауылының тұрғындарымен де кездесті. Қазір көшеге жаңа асфальт төселген. Өткен жылы көшеге жарықтандыру орнатылды. Табиғи газ да жеткізілді. Тұрғындармен әңгімелескен аймақ басшысы облыс орталығын одан әрі дамыту жоспарларымен бөлісті:
– Соңғы 2-2,5 жылда біз облыстың аудандары мен ауылдарында тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысына көп көңіл бөлдік. Бұл халықтың тұрмыстық әлеуетін көтеруге үлкен септігін тигізеді. Енді алдағы 2 жылда облыс орталығын абаттандырумен айналысамыз. Бұған әрине, жол жөндеу жұмыстары кіреді. Шеттен және қала маңынан бастаймыз, – деді аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы.
Облыс әкімі биыл 9 көшені күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған «Көктал» шағын ауданында барды. Жоспардағы көшенің екеуі толық аяқталған. Жалпы, шағын ауданда ұзындығы 22,6 шақырымды құрайтын 36 көше бар.
«Шығыс» шағын ауданында да күрделі жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмыстары ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын 7 көшені қамтыды. Оның ішінде 3 көшені биыл, қалған 4 көшені келер жылы аяқтау жоспарлануда.
Облыс басшысы халықпен кездесуде аталған шағын аудандар мен елді мекеннің барлығында жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, бюджет қаражаты бөлінгендіктен 3 жыл ішінде аяқталуы керектігін баса айтты.
– Талдықорғанның климаты жақсы, таза, әдемі, жасыл қала. Сонымен бірге, бөлінген бюджет қаражатын тиімді жұмсай отырып, халықтың өмір сүруіне қолайлы және жайлы жағдай жасауды және өмір сүру сапасын арттыруды жалғастыру қажет. Аудандар мен жалпы облыс орталығын дамыту мен абаттандыруда оң өзгерістерді сезіну маңызды. Ең бастысы мұның барлығы халық игілігіне жасалуда, – деген аймақ басшысы жұмыстың жүйелі әрі сапалы атқарылуын қатаң қадағалауды қала әкіміне тапсырды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -