Бейбіт Исабаев азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті рет қабылдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысына төрт азамат – Алакөл, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының тұрғындары келді. Олардың өтініштері жер мен тұрғын үй мәселелеріне, әлеуметтік көмек көрсетуге және денсаулық жағдайына қарай мүгедектік алуға қатысты болды.
Қабылдау барысында айтылған Қаратал ауданының тұрғыны, кәсіпкер Зәуре Карипова мен Үштөбе қаласының орталық базары иесінің арасындағы жер дауын аудан әкімдігі облыстық прокуратурамен бірлесіп қарайтын болады.
Денсаулық жағдайына байланысты Талдықорған тұрғыны Новрузовқа қажетті медициналық және әлеуметтік көмек көрсетілмек. Өтініш берушінің денсаулық жағдайын қайта тексеріп, заңнамада белгіленген тәртіппен мүгедектікті белгілеу мәселесі қаралады.
Азамат Өрік Отыншинованың мәселесіне келетін болсақ, осы жылдың тамыз айында кезегіне қарай оған Үшарал қаласындағы жаңа үйден пәтер берілген. Бірақ өтініш беруші жалдау шартына қол қоймапты, өйткені ол ұлымен бірге тұратын болғандықтан, екі бөлмелі пәтер аламын деп сенген. Кезекке тұрған кезінде ұлы кәмелетке толғаны ескеріліп, оған бір бөлмелі пәтер берілді. Бұл ретте Үшарал қаласының тұрғынына болашақта тұрғын үй алаңын кеңейтуге өтініш беруге мүмкіндігі бар екені түсіндірілді.
Жалпы қабылдау барысында барлық өтініш білдірушілерге қолданыстағы заңнамаларға сәйкес түсініктемелер беріліп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -