Бесқарағайда жаңа саябақ ашылды
Бесқарағай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында жаңа саябақтар салу белсенді жүргізілуде. Соның бір жарқын дәлелі - аудан орталығында «Орталық саябақ» ашылып, халық игілігіне берілді. Аумағы 1.0079 га қамтитын саябақта балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары бар. Мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна, LED-экран да орнатылған.
Саябақтың ашылуына қатысқан аудан әкімі Талғат Мұратов тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Саябақты ашу құрметі ауданның құрметті азаматтары, қоғам белсенділері Құмар Ершеұлы мен Ерболат Рахметуллинге берілді.
«Саябақ ауылға көрік беріп, тұрғындардың демалысын жақсы өткізуге таптырмас орын болатыны анық. Енді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жаңа демалыс орнының ашылуы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жемісі. Осы шараның басы-қасында жүрген азаматтардың барлығына алғыс айтамын», – деді Құмар Ершеұлы.
Саябақтың ашылуы аудандық Мәдениет үйінде мерекелік гала-концертпен жалғасты. Концерттік бағдарламада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали, эстрада жұлдызы Бейбіт Қорған және облысымыздың өнерпаздары сахна сәнін келтірді. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен «Берекеcі мен бірлігі жарасқан киелі Бесқарағай» атты сахналық қойылым ұсынылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -