БОЙ КӨТЕРГЕЛІ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН ҒИМАРАТ 30 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАҢАРТЫЛУДА
Болашақ дәрігерлерді даярлайтын Жезқазғандағы білім ордасы ғимаратына тұңғыш рет күрделі жөндеу жүргізілуде. Нысан қазығы 1993 жылы қағылған. Ұлытау облысы әкімінің жұмыс бабымен қадағалауы сәтінде колледжде студенттерге арналған арнайы симуляциялық орталық пен операция залы да ашылатыны айтылды.
Аумағы 4000 шаршы метрге жуық 4 қабатты нысанның төбесі мен қасбетінен бастап, іші толық жаңартылып жатыр. Есік, терезесі, едені ауыстырылып қана қоймай, аумағы да абаттандырылады. Одан бөлек, ішінде студенттерге арналған тамақтану орны мен конференц зал болады. Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауды тапсырды.
«Облыс енді ашылған сәтте осы ғимаратқа медициналық колледжді арнайы көшірдік. Мақсатымыз – болашақ дәрігер мамандарының ыңғайлы жағдайда білім алуын қамтамасыз ету еді. Сол себепті бұл күрделі жөндеу жұмысы да барлық заманауи талаптарға сай келетіндей болуы қажет»-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Жезқазған қаласының облыстық жоғары медициналық колледжінде қазіргі күні 900 тәлім алушы бар. 2022 жылға дейін гинекологиялық бөлімше және перзентхана ғимараты болып келген қос нысан да қазір білім ордасының меншігінде. Оның 4 қабаттысында атқарылып жатқан күрделі жұмыстар биыл тамызда аяқталса, үш қабатты бөлігін келесі жылы тұтас жаңарту үшін қазір жобалық сметалық құжаттамалары дайындалуда. Нәтижесінде болашақ дәрігерлерді даярлайтын орында өз жатақханасы да болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -