Бурабай ауданының тұрғындары жаңа пәтер кілттерін алды
Республика күні қарсаңында Ақмола облысы Бурабай ауданының 50 отбасы жаңа пәтер иелері атанды. Бурабайлықтар көптен күткен жаңа әрі жайлы санаттағы пәтерлерді аудан әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сатып алды.
Жаңа тұрғын үйдегі пәтерлердің кілттерін облыс әкімі Марат Ахметжанов тапсырды.
«Біздің Президентіміз ең алдымен еліміздің әрбір тұрғынының әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға ерекше назар аударады. Мұндағы маңызды бағыттардың бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, жаңа үйдегі баспаналар таңдау талаптары күшейтілген пәтер сатып алудың жаңа механизмі бойынша сатып алынды. Тұрғын үй кешені Бурабай кентінің жатын аудандарының бірінде орналасқан, жақын маңда тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар бар.
«Біз мемлекетімізге шексіз ризамыз. Міне, еліміздің басты мерекесі қарсаңында мен жаңа пәтердің кілтін аламын. Әрбір тұрғынға біздің Президентіміз сыйлаған осындай қуанышқа ие болуды тілеймін», - деп бөлісті үш бөлмелі жаңа пәтер иесі атанған Бурабай кентінің тұрғыны Бағила Қасенова.
«Пәтеріміздің төбесі биік, бөлмелері жарық. Ішкі жұмыстар өте сапалы орындалған. Кіреберістен бастап пәтеріміз өте жылы және жайлы. Біз аса қуаныштымыз», - деді көпбалалы ана Әсел Бектемірова.
Сондай-ақ, бүгін облыс орталығының 20 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды.
Облыста осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 900-ге жуық пәтерді, оның ішінде облыс орталығында 600-ге жуық пәтерді тапсыру жоспарлануда. Барлық бағдарламалар бойынша өңірдің 2000-ға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -