Бурабай кентінде электр энергиясының тапшылығы мәселесі шешілді
Ақмола облысының Бурабай кентінде 35/10 кВ қуат көзі бар заманауи трансформаторлық қосалқы станция қайта жаңартылып, пайдалануға берілді.
Нысан Бурабай кентін, Бурабай ауданының Оқжетпес, Молбаза ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз етіп, туристік аймақтағы электр энергиясының тапшылығын жояды. Сонымен бірге электр өзегіне қосымша тұтынушыларды қосу мүмкіндігі де пайда болды.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапары аясында өңірдегі энергетика нысанына барды, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, Конституция күнімен құттықтады.
«Көкшетау-энерго» ЖШС Бас директоры Досымхан Аралбаевтың айтуынша, бұрын орнатылған жабдық физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген және оның белгіленген қуаты өңірдің қажеттілігін қамтамасыз ете алмаған.
«Ескі қосалқы станция 1967 жылы салынды, оның қуаттылығы небәрі 6,3 МВА болды, жазғы туристік маусымда электр қуаты тапшылығы байқалатын. Жаңа қосалқы станция қосылған қуатты 30%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Бурабай кентінде схемаларды оңтайландыру бойынша бірқатар іс-шаралар орындалды. Осылайша, алдағы 3-4 жылда біз өлкені электр қуатымен қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақ тұтынушылар үшін резервтік норманы құрдық», - деді Д.Аралбаев.
Бұдан басқа, облыс әкіміне Щучинск қаласы мен Қатаркөл, Жөкей, Сарыбұлақ және т.б. кенттерде энергетика саласын дамыту бойынша бірқатар пайымдар баяндалды.
«Бұл болашаққа арналған стратегиялық және перспективалық жоспарлар. Осындай инфрақұрылым нысандарын енгізу арқылы елді мекендердің дамуы мен өсуіне мүмкіндік туады. Электр энергиясын үздіксіз және сапалы беру өз кезегінде халықтың өмір сүру жағдайына әсер етеді», - деп қорытындылады облыс әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -