Десантшылар су кедергілерін жеңуге үйренуде
Десанттық-шабуылдау әскерлерінде жауынгерлік көліктермен су тосқауылын еңсеру сабақтары өтіп жатыр.
Жаттығуға 200-ден астам әскери қызметші, оның ішінде мерзімді қызмет сарбаздары мен бөлімшелердің командалық құрамы тартылған. Механик-жүргізушілерді оқыту Ұлттық ұлан оқу орталығының су айдынында өтуде.
Судағы кедергілерден экипажды аман алып өту көлік жүргізу сабақтарының ең қиын міндеттерінің бірі. Тәуекелді талап ететін жаттығуда сабақ жетекшісі қауіпсіздік шаралары мен қатаң тәртіпке баса назар аударуы тиіс.
– Су үстіндегі беренді техниканы басқаруға құрлықта машина басқаруда жеткілікті тәжірибесі бар жүргізушілер жіберіледі. Олар кем дегенде 500 шақырымды жүріп өтуі керек. Сонымен бірге кедергілерді еңсеру машығына үйреніп, бөлімше құрамында 70 шақырымдық шеру жасауы тиіс, - деді сабақ жетекшісі Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Асқар Ахметбеков.
Сабақ барысында штаттық жағдайлардан бөлек, төтенше жағдайлар кезіндегі жұмыстар да пысықталуда. Экипаж құрамы көлік құралынан эвакуациялау, құтқару кеудешелерін пайдалану дағдыларын дамытады. Жағалауда алғашқы дабыл бойынша БТР-80-ді судан шығаруға және мүмкін ақауларды жоюға дайын эвакуациялық топ жұмыс істейді.
БТР-80 – су қайығының пішініне ие және тығыздығы жоғары амфибиялық беренді көлік. Оның негізгі сипаттамаларының бірі ретінде су кедергілерін еңсеру мүмкіндігі саналады.
Техниктер жүзуді бастамас бұрын "құлып" жүргізеді. Яғни судың кіруіне жол бермеу үшін есіктер мен тесіктерді, люктерді, желдеткіш саңылауларды және герметикалық бөліктердің тығыздығын тексереді.
Практикалық сабақтар аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар су кедергілерінен өту үшін беренді машинаны өз бетінше пайдалануға рұқсат алады. Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшесінің мұндағы алған тәжірибесі қыркүйек айының соңында Алматы облысындағы "Жағалау" оқу орталығында өтетін "Мызғымас бауырластық-2024" ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығуында қолданылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -