ЕЭК Кеңесінде өнеркәсіптік кооперация саласында алғашқы жобалар мақұлданды
22 қаңтарда онлайн форматта өткен ЕЭК Кеңесінің отырысында, Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті. Отырыс барысында қазақстандық Kazrost Engineering Ltd. ЖК-ның ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша жобасын қаржыландыруға арналған Өнеркәсіпті дамыту қорының өтінімі мақұлданды.
Бірлескен кооперациялық жоба аясында компания Ресейдің «Ростсельмаш» комбайн зауытымен және Беларусьтің «КУВО» кәсіпорынымен бірлесіп, Қазақстанда комбайн кабиналарын өндіруді локализациялау және жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр. Осы жобаның арқасында комбайн өндірудегі зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 700 данадан 1000 данаға дейін артпақ.
Осы мақсатта ЕЭК Кеңесінің мүшелері алғаш рет Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемесінің 100%-ы көлемінде несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға теңдессіз жағдайлар ұсынды. Қаржылық қолдау сомасы шамамен 192 миллион теңгені құрайды және ЕАЭО бюджетінен бөлінеді.
Тағы бір қазақстандық компания – «Астана Қала Құрылысы» ЖШС, ресейлік кәсіпорын жүзеге асыратын жобаға қатысады. Бұл жоба да ЕЭК Кеңесінің отырысында жеңілдетілген қаржыландыру алуға мақұлданды. Бұл Мәскеу - Санкт-Петербург жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салуға арналған өнімді шығару үшін өндірістік қуаттарды құру жөніндегі Муром бағыттамалық зауытының жобасы. Қазақстандық компания инжинирингтік және құрылыс қызметтерін ұсынбақ.
Жалпы, бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылық қолдаудың жаңа механизмі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылдың мамыр айында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында айтылған, Қазақстанның Еуразиялық өнеркәсіптік кооперацияның орталығы болуға дайындығы туралы бастамасының қисынды жалғасы болып табылады.
Сонымен қатар, ЕЭК Кеңесінің отырысында кино және бейнефильмдерді шығару мен таратуға байланысты қызмет көрсету саласындағы әкімшілік ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлданды. Құжатта Интернетте еркін қолжетімді ақпараттар тізбесін айқындайды, мысалы, НҚА, прокатқа рұқсат етілген фильмдердің және ЕАЭО елдерінің нарық қатысушылары арасында алмасуға арналған басқа да ақпараттар бар. Бұл құжат тараптар арасындағы кинематография саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, қызмет көрсетушілердің тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ адал нарық қатысушыларын қорғау механизмін енгізуге бағытталған. Жақын арада бұл құжат ЕАЭО елдеріне мемлекетішілік келісу рәсімдерінен өту үшін жіберіледі.
ЕАЭО мүше мемлекеттердің интеллектуалды көлік жүйелерінің өзара әрекеттесуін жетілдіру тұжырымдамасы мақұлданды. Құжат интеграцияланған ақпараттық және телематика технологияларының даму деңгейін ескере отырып, қатысушы елдердің үйлестірілген көлік саясатын әзірлеу мақсатында қабылданды. Интеллектуалды көлік жүйелерінің өзара әрекеттесуі пайдаланушыларды техникалық қолдауды ұйымдастыруға, жол қауіпсіздігін арттыруға және көлік ағындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, адам денсаулығына, жануарларға, мүлікке, қоршаған ортаға зиян келтірген немесе қауіпті өнімдердің айналымы туралы ақпаратты жинау, жинақтау және ұсыну тәртібі қабылданды. Құжат мұндай өнімдердің тұрмыста және еркін айналымда болу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында сондай-ақ кедендік реттеу, техникалық реттеу, макроэкономика және бәсекелестік салаларындағы мәселелер талқыланды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -