Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан мен Моңғолия министрліктері арасында құрылатын болады
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Моңғолияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Баярхуу Доржийн Астанадағы кездесу барысында келісті.
Кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы үкіметаралық комиссия шеңберінде аграрлық саладағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланды.
«Қазақстан мен Моңғолия ауыл шаруашылығында өзара тиімді ынтымақтастықорнатуда зор әлеуетке ие.
Мемлекет басшысының Моңғолияға сапары барысында 2024 жылдың қазан айында тері мен жүнді қайта өңдеуге, ветеринарияға қатысты екі меморандумға қол қойылды. Бұл аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға деген өзара міндеттемені көрсетеді», - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, министр сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғол үкіметаралық комиссиясының қазақстандық бөлігінің тең төрағасы болып тағайындалды.
Осыған байланысты өзара іс-қимылды жандандыру және АӨК өнімдері бойынша екіжақты тауар айналымын ұлғайту және жеткізілімдерді әртараптандыру бойынша мүмкіндіктерді пысықтау ұсынылды.
Қазіргі уақытта жалпы тауар айналымындағы АӨК өнімдерінің үлесі 16% құрайды, бұл негізінен қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Моңғолияға экспортына байланысты.
Тараптар сауданы ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуге келісті. Басым бағыттардың қатарында асыл тұқымды ұсақ малды жеткізу, тері мен жүнді қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды дамыту бар.
«Бүгін айтылған бағыттардан басқа, біз А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен тәжірибе алмасуға мүдделіміз», - деп атап өтті Баярхуу Доржийн.
Сондай-ақ, тараптар қазақстандық астық экспортындағы ынтымақтастықтың жолдарын талқылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -