Елордада Нусантара мен Астана қалаларының құрметіне концерт өтті
Елорданың «Жастар» сарайында Астана мен бауырлас Нусантара қалаларының құрметіне концерт өткізілді. Сахнада әртістер Қазақстан мен Индонезияның музыкалық және би өнерін көрсетті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, Индонезия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахман және басқа да қонақтар қатысты.
2023 жылдың 3 шілдесінде Астана мен Индонезияның жаңа астанасы Нусантара арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасалып, бауырлас қалалар болды. Осы айтулы күнге, сондай-ақ екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 31 жыл толуына орай концертті Индонезия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі мен Астана әкімдігі ұйымдастырды.
«Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Индонезия мойындап, қолдау көрсетті. Индонезиямен экономикалық, мәдени, білім беру салаларында ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Өткен жылы форумда Астана күні қарсаңында елорда мен Индонезияның жаңа астанасы Нусантара арасында меморандумға қол қойылды. Индонезия Елшілігінің бастамасымен және Астана әкімдігінің қолдауымен бүгін екі астананың достық байланыстары орнаған кезден бастап бір жыл атап өтіледі. Бұл іс-шара екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынастың айғағы», – деді Есет Байкен.
Мохамад Фаджрул Рахман екі астананың ынтымақтастығының нақты нәтижелерін атап өтті.
«Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстанның іскер қоғамдастығының, сондай-ақ Астана әкімдігінің 25 өкілі Нусантараға барды. Осы жылдың ақпан айында Нусантараға қазақстандық құрылыс компаниясының мамандары сапармен барды. Біз қазақстандық компаниялардан Нусантараға инвестиция салу туралы хаттар алдық. Сонымен қатар, Нусантара әкімшілігі мен «Сергек» компаниясы жасанды интеллект негізінде смарт-трафик пен ұтқырлық бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы меморандум негізінде Нусантара және Баликпапан қалаларында пилоттық жобалар жүзеге асырылуда», – деді Индонезия елшісі.
Концерт барысында елордалық «Терра» би театры «Саз» және «Қобыз» хореографиялық композицияларын ұсынды.
«Сарыарқа» халық ансамблі «Балбырауын» күйін орындады. Халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыкелді Маясаров «Гүлдариға» халық әнін ұсынды. «Өз елім» әнін Алтынбек Арыстанбек орындады.
Елордалық Индонезия мәдени орталығының әртістері индонезиялық «Инданг», «Ондель-ондель» билерін, ұлттық аспап англунг, халықтар достығы туралы баяндайтын би – «Нусантара - Астана» билерін ұсынды.
Сонымен қатар, елордалық спортшылар индонезиялық жекпе-жек өнері бойынша «Пенчак Силат» көрмесін көрсетті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -