Елордада Қорғаныс министрінің кубогына арналған шағын футбол турнирі аяқталды
Астанада ҚР Қорғаныс министрінің кубогына еліміздің қорғаныс ведомствосының шағын футболдан турнирі өтті.
Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер құрылымдық бөлімшелерінің әскери қызметшілері арасында шағын футбол біріншілігі елорданың "Алатау" спорт кешенінде XIV спартакиада аясында өтті. Биыл екі аптаға созылған футбол алаңындағы ойындарға 32 команда құрамында 400 әскери қызметші қатысты.
– Жарыс жыл сайын ең белсенді әскери қызметшілеріміз бен футбол әуесқойларымыздың басын қосатын жақсы дәстүрге айналды, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов. – Мұндай жарыстар жауынгерлік үйлесімділікті қалыптастыруға, әскери қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтыру мен спортты насихаттауға бағытталған.
Бірінші топта Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының футболшылары чемпион атанды, екінші орынды Бас штабтың Жедел жоспарлау және Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің командалары, үшінші орынды Әкімшілік департаменті алды. Екінші топта Әскери полиция бас басқармасы жеңіске жетсе, 2-ші орын – Ұлттық әскери-патриоттық орталығына, үшінші нәтиже – Тыл бастығының басқармасына бұйырды.
Турнирдің үздік ойыншылары болып Ұлттық әскери-патриоттық орталығы командасының футболшысы аға лейтенант Саттар Бексаттар мен Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығынан майор Думан Шаймерденов танылды. Әскери полиция бас басқармасы командасының намысын қорғаған подполковник Айдос Сақарбеков және Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің өкілі майор Досжан Қарабалаев үздік қорғаушылар атанды. "Үздік сұрмерген" атағын Әскери полиция бас басқармасының сержанты Диас Нұрболатұлы және Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді дамыту және қолдану департаментінің офицері майор Қуат Айжарықов еншіледі. Біріншіліктің үздік қақпашылары болып Әскери полиция бас басқармасының жауынгері ефрейтор Анарбек Мұхамеджан және Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының өкілі аға лейтенант Ерхат Сәкенов танылды.
Ақтық сынға шыққандардың ойындары аяқталысымен марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен грамоталар табыс етілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -