Ер есімі – ел есінде
ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Кеңес Одағының Батыры, бірінші Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында «Ерлікті ұмытпау – елдікті ұлықтау» атты конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, Қарулы күштердің ардагері, ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Смайылов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, елордалық өкілдіктің басшысы Дәулеткерей Кәпұлы, Ауғанстандағы соғыс және тәжік-ауған шекарасындағы іс-қимылдардың ардагерлері, запастағы офицерлер мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттері қатысты.
Конференция басталар алдында Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің орындауында «Сағадат маршы» шырқалды, содан кейін жиналған қауым батырларды бір минут үнсіз тұрып еске алды.
Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Жеңіс батырларының мерейтойларына байланысты қорғаныс ведомствосының бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы айтып берді.
– Кешенді жоспарға сәйкес Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының күнделікті өмірінен сыр шертетін «Әскери ант» телехикаясы түсірілді, оның көрсетілімі «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында өтті. Оған қоса 23 мамырда мектептерде, колледждерде, университеттерде, әскери институттарда, барлық өңірлерде ерлік сабақтары ұйымдастырылды: «Сағадат Нұрмағамбетов – халық үшін туған батыр», – деді ол.
Бұдан өзге Департамент бастығы 25 мамырда Ақкөл қаласында бюст орнатылып, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақ ашылғанын, бірінші Қорғаныс министрінің 100 жылдығына орайластырылып «Айбын-2024» Х халықаралық әскери-патриоттық жиыны өткізілгенін айтты. Қазан айында өтетін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың мерейтойына арнайы жоспар әзірленді. Батырдың есімі екі мектепке, оның бірі – елорадынң № 44 мектебіне берілді. Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп батырдың туған ауылы Тайтөбеде Рақымжан атындағы ескерткіш пен саябақ ашу жоспарлануда.
Конференция қатысушыларының назарына Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаев туралы бейнеролик көрсетілді. Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек пен Қарулы күштердің ардагері Әбубәкір Смайылов батыр туралы естеліктерін айтып берді.
«Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл іс-шараның бірқатар қонақтарына Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай шығарылған медальдарды, сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыс етті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -