Ескелді ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы
Ескелді ауданының негізгі кәсібі – ауылшаруашылығы. Өнеркәсіп анау айтқандай, ішек тарттыратындай жағдайда емес. Дейтұрғанмен, жүйелі жұмыстың арқасында соңғы жылдарда бұл саланың шекесі шылқымаса да қолайлы жағдайдың нәтижесінде өндірістің тамырына қан жүгірген. Аты алысқа шаппаса да, ауданның дамуына өз үлесін көрсетіп жүрген он шақты ірі кәсіпорын бар. Осының өзінде аудандағы өндіріс орындары 7482 млн. теңгенің өнімін өндірген. Аудан әкімінің жоспарына сай бұл көрсеткіш жыл соңына дейін былтырғымен салыстырғанда 104 пайызға жетпек.
Негізгі салаға ойыссақ, ауа райының қолайлылығы мен диқандардың еселі еңбегі еш кетпес үшін қазір ауданда тынымсыз тіршілік. Мұндағы шаруалардың бір алаңы бар – тәтті түбірден алынған мол өнім далада қалу-қалмауы. Былтырғы қауіп биыл қант қызылшасы кейпінде бой көрсетпесе екен деген тілекте шаруалар. Аудан әкімі дала еңбеккерлерінің еңбегі еш кетпейтінін, қант қызылшасынан алынған әрбір түйнек өңдеу зауыттарына өткізілетінін жеткізді. Қалай дегенмен, тәтті түбір егілген 3062 гектарға төгілген тер мен есіл еңбек еш кетпейтінін жеткізді.
Жалпы, ауданда 51,7 мың гектарға дән себілді. Оның басым бөлігі дәнді дақыл. Майлы дақыл болса 10,5 мың гектарға себілген. Бүгінде аудан шаруалары бар күш-жігерін қант қызылшасын жинауға бағыттаған. Қазір оның 79,7 пайызы жиналған. Ал дәнді және майлы дақылдар, бақша дақылдары түгел жиналып, қамбаға құйылған. Ауданда астық сақтайтын 61 қойма, 2 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, аграрлы ауданда төрт түлік санында да өсім байқалады.
Елдос Тұрсынбайұлының айтуынша, 2025 жылға дейні аудандағы 33 ауылдың 21 елді мекені көгілдір отынға қол жеткізуі керек. Қазірдің өзінде 7 елді мекенде газ желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы Қайнарлы, Жалғызағаш, Биғаш, Теңлік және Жеңдік ауылдарына желі тарту басталады.
– Биыл аудандағы екі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қоңыр және Шымыр ауылындағы білім ошақтары заман талабына сай жаңғырды. Сондай-ақ, М. Байысов ауылындағы балабақша да күрделі жөндеуден, Н. Алдабергенов ауылындағы бөбекжай ағымдағы жөндеуден өтті. Тұрғындардың әлеуметтік нысандарға сұранысын қанағаттандыруда блокты-модульді нысандар көптеп салынуда. Биыл жылдам әрі тиімді осы құрылыс материалымен Екпінді, Жаңалық, Ақешкі ауылдарында медициналық пункт, Қоңыр, Ақын Сара, Жалғызағаш және Қаратал ауылдарында Мәдениет үйі, Шымыр, Жетісу, Елтай ауылдарында спорт кешені салынуда. Біршамасы пайдалануға берілді. Негізі осы әлеуметтік нысандар жыл соңына дейін халық игілігіне ұсынылған. Аудандағы әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту үшін 49 тұрғын үй салынуда. Одан өзге, 70 тұрғын үй сатып алу жоспарланған, – деді Елдос Ахметов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -