Халықаралық конференцияда азаматтық тәркілеу мәселелері талқыланды
Конституциялық Сот Аппаратының талдау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Калиева Бас прокуратурада ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің көмегімен өткен «Азаматтық тәркілеу активтерді қайтарудың негізгі тетігі ретінде: қолдану перспективалары мен әлемдік тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Шараға ЕҚЫҰ және БҰҰ ЕҚБ, Халықаралық заңгерлер қауымдастығы (Ұлыбритания), Базельдің басқару институтының (Швейцария) өкілдері, Болгария, Испания және Португалиядан келген жетекші шетелдік сарапшылар, сот төрелігі, құқық қорғау және қаржы мониторингі академияларының басшылары мен ғалымдары, сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты.
Спикерлер шетелдік тәжірибесін ескере отырып, азаматтық тәркілеуді қолданудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ активтерді қайтару туралы Заңның негізгі ережелерін, оның ішінде пайда болуы түсініксіз байлық туралы талап қою тәртібін реттейтін мәселелерді сипаттады.
Калиева өз сөзінде Конституциялық Сот алдын ала конституциялық бақылау шеңберінде Президенттің өтініші негізінде Конституциялық Соттың 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысы заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі заңдарды, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске және Салық кодексіне түзетулерді Конституцияға сәйкес деп танығанын атап өтті.
Конституциялық бақылау органы өз шешімінде Негізгі заң заңды түрде иемденілген мүлікке ғана меншік құқығына кепілдік беретінін атап өтті. Конституциялық кепілдіктер заңдарда белгіленген негіздер мен рәсімдерді бұза отырып иемденілген мүліктік игіліктерге, сондай-ақ оларды пайдаланудан алынған түсімдерге қолданылмайды.
Демек, бастапқыда заңсыз иемденілген, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық немесе қызметтік жағдайды теріс пайдалану нәтижесінде иемденілген мүлік заң негізінде және онда айқындалған тәсілдер мен рәсімдерге сәйкес заңды меншік иесіне, оның ішінде мемлекетке қайтарылуға тиіс.
Осыған байланысты заң шығарушы заңдарда конституциялық нормаларды мәжбүрлеп қамтамасыз етуге және орындауға бағытталған нормаларды және осыдан туындайтын меншік иесі құқықтарына шектеулерді белгілеуге құқылы. Адамның құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс (2023 жылғы 6 наурыздағы №4 нормативтік қаулы).
1986 жылы Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық комиссия қылмыстық іс жүргізуден тыс активтерді тәркілеу кінәсіздік презумпциясына қайшы келмейді және негізгі мүліктік құқықтарды бұзбайды деп жариялады. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің пікірінше, кез келген тәркілеу сотта дауласуы, сондай-ақ негізделген және пропорционалды болуы керек.
Осы қағидаттардың барлығы Конституциялық Соттың №20-НҚ-да көрініс тапты (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/492943?lang=kk).
Телеграмм КС -
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -