JOLTAP жобасы: астаналық әйел өз кәсібін ашу үшін жаңа мамандықтарды меңгерді
Астанада JOLTAP жобасы жұмысын жалғастыруда, оның аясында астаналықтар өзекті мамандықтар бойынша тегін оқудан өте алады. Жоба түлегі Гауһарай Мұқашева оқудан кейін өмірі қалай өзгергені туралы айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Гауһарай Мұқашева ағылшын тілінің аудармашысы болып жұмыс істейді. JOLTAP туралы өткен жылы кездейсоқ білген.
«Астана әкімдігінің Instagram желісінде JOLTAP туралы жаңалықты көзім шалып қалды. Бұл өткен жылдың қараша айында болатын. Сол айдың соңында екі сала бойынша курсқа жазылдым – мобилограф және тігінші. Кейін SMM және дизайнер курстарынан өттім», – деді Гауһарай.
Астаналық әйелдің айтуынша, таңдаған мамандықтары қазір аса өзекті.
«Мобилографияны таңдадым. Себебі видео түсіріп, монтаж жасағанды ұнатамын. TikTok-та видеолары әдемі талай блогерді білемін. Мен де үйренгім келді. JOLTAP-та оқу бір аптаға созылды, бұл менің курстардағы алғашқы тәжірибем еді. Бәрі өте керемет болды! Көп нәрсені білдім. Мысалы, түрлі қолданбалар туралы және видеоны түсіру кезінде телефонды шайқамау үшін оны қалай ұстау керек екені туралы. Маған осы бағытта дамуға үлкен мүмкіндік берілді. Мұғалім Кәмшат оңай тілмен түсіндірді», – деді ол.
Гауһарай тігінші ретінде оқудан қалай өткені туралы да айтып берді.
«Анам – тігінші. Жақында өзім де бұл іске қызығушылық таныта бастадым, өзіме киім тігуді үйренгім келді. Тігінші курстары қызықты өтті. Мен үшін өнеркәсіптік тігін машинасына отыру жаңа тәжірибе болды. Алғашқы екі күнде онымен жұмыс істеуден қорқатынмын, бірақ көп ұзамай үйреніп алдым. Тігінші курсы шамамен бір айға созылды. Мұғалім барлығына көмектесті, бәрін түсіндірді», – дейді астаналық әйел.
Тігінші мамандығын ойдағыдай игергеннен кейін Гауһарай дизайнер курсына жазылыпты. Оны былай есіне алды.
«Киімді модельдеу және жобалау сабақтары өте керемет болды. Бізге үлгілер жасауды үйретті. Мен сызу, формулаларды қолдану дегенді үйренемін деп ешқашан ойлаған емеспін. Оқытушы Анар Төлегенқызына өте ризамын! Модельдеу дағдылары маған пайдалы болды, келесі күні өзіме шалбар үлгілерін жасадым», – дейді ол.
Қазір ол аудармашы қызметін жалғастыруда, бірақ JOLTAP-та оқығаннан кейін өз ательесін ашуды армандап жүр.
«Анам да курстардан өткеніме өте қуанышты. Ол тігінші, бірақ кесуді білмейді. Мен үйреніп алдым, енді анаммен бірге киім тіге аламын. Өз ательемді ашуды, киім дизайнын жасауды армандап жүрмін. Менің ойымша, бұл практикалық және пайдалы дағды, өйткені дүкендегі киім маған ұнамайды», – деді ол.
JOLTAP түлегі болашақ жоспарымен бөлісті. Гауһарай бағдарлама аясында тағы бір курстан өтуге бел буып отыр.
«Барлық курс керемет, дағдылары пайдалы. Интернеттегі бұл ақпаратты іздеу қиын, бірақ мұнда бәрі бар, тіпті тегін. Мен веб-дизайн және видеомонтаж курсынан өткім келеді. Бұл бағыттар мені қатты қызықтырады», – деп түйіндеді Гауһарай.
JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Түлектердің кандидатурасы «JUMYS TAP» Telegram-ботында тегін көрсетілетін болады. Консультациялар күн сайын «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктерінде өткізіледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -