Көкшетауда 1000 орынға арналған спорт кешенінің құрылысы басталды
Республика күні қарсаңында Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің іргетасы қаланды.
Капсула салу рәсіміне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
«Бүгін біз өңіріміз үшін маңызды оқиғаның куәсі болдық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты спорттық нысандармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында біз облыс орталығында көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын бастаймыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Жаңа жоба туралы әсерімен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Карина Ибрагимова бөлісті.
«Көкшетаулықтарды осындай тамаша оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа әрі заманауи жағдайларда спортпен шұғылдану – барлық спортшылардың көптен бергі арманы. Болашақта бұл орын спорттағы жаңа жетістіктерге үлкен серпіліс беретініне сенемін», – деді К.Ибрагимова.
Жаңа спорт кешені жобасы 1000 орынға есептелген, мұнда екі қабатты ғимарат пен жертөле қабаты қарастырылған. Ғимаратта телескопиялық трибуналары бар әмбебап мәдени ойын-сауық залы, әмбебап спорт залы, үстел теннисі залы, 80 орындық конференц-зал, күрес залы, ринг залдары, асхана және техникалық бөлмелер сияқты әртүрлі функционалды бөлмелер орналастырылатын болады. Құрылыс ауданы 11,5 мың шаршы метрден асады.
Құрылысты 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бүгінгі таңда нысанға кірме жолдар салынды, қоршаулар орнатылды. Қазаншұңқырдың топырағы қазылып, қадаларды орнату және сынау жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, Республика күніне орай өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар ашылуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -