Көкшетауда Ақмола ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті
«Ел дамуының негізі – тұрақтылық пен бірлікте» осындай атаумен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті.
Сессия отырысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, зиялы қауым өкілдері, ҚХА мүшелері мен жастар қанаты қатысты.
Жиында алғашқы боп сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов, Мемлекет басшысы Ассамблеяның елдің саяси жаңғыруы мен жалпыұлттық тұтастығын нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға бергенін айта келіп, барлық этнос өкілдерін мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін бірлесіп шешуге шақырды.
«Бүгінде барлық салалардың жұмысын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында белгіленген негізгі құндылықтарға үйлестіру қажет. Мемлекеттік органдар мен жұртшылық азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталуы тиіс. Ассамблея мүшелері жастарды идеологиялық тәрбиелеу, бес әлеуметтік жамандыққа қарсы тұру мәселелеріне көп көңіл бөлуі керек», - деді М.Ахметжанов.
Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендерге ҚХА құрылымы мен этномәдени бірлестіктердің 300 өкілі бір кісідей ат салысып, көмек қолын созды. Олардың су тасқынына қарсы жұмыстарына қосқан үлесі жиында ерекше аталып өтті.
Іс-шара барысында «Санги-Кабуд» тәжік мәдени орталығының төрағасы, волонтерлік орталықтың басшысы Омар Шоназаров, Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков, Ақмола ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Марат Өтегенов, Ақкөл ауданындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Зента Цой сөз сөйледі.
Қатысушылар мемлекеттік тілді үйрену, ҚХА жастар қанатының қызықты жобаларын іске асыру және тағы басқа мәселелерді талқылады.
Сессия аясында облыстық қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытудағы қызметі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің оқытушысы Алена Малькова-Солопова «Шапағат» медалімен марапатталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің маңызды бағыты ұлтаралық келісім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау және нығайту екенін атап өткен өңір басшысы сессия соңында мемлекеттік органдарға «Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының» 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға, этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -