Көксу қант зауытының жылдық қуаты 500 мың тоннаға дейін артады
Жетісу облысының Көксу ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған үш ірі кәсіпорын бар. Соның бірі – жылына 250 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін Көксу қант зауыты. Бүгінгі таңда кәсіпорын толық жүктелген, оның қуаттылығын арттыру үшін 2025-2026 жылдары 29 млрд. теңге инвестиция тартылады. Кеңейтудің нәтижесінде зауыттың жылдық қуаты 500 мың тоннаға дейін жетпек. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Біздің облыста биыл 13,7 мың гектарға қант қызылшасы себіліп, одан 615 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр, соның ішінде Көксу ауданында 105 мың тонна қант қызылшасы жиналатын болады. Биыл екі зауыт жалпы 100 мың тонна ақ қант өндірсе, соның 73 мың тоннасы қант қызылшасынан, 27 мың тоннасы қамыстан өндіріледі, сол 100 мыңның 57 мың тоннасын Көксу қант зауыты шығарады, - деді өңір басшысы Бейбіт Исабаев.
Белгілі болғандай, қазіргі уақытта ауданда себілген 2,3 мың гектар қант қызылшасының 1,4 мың гектары, яғни 59% жиналып, 71,9 мың тонна өнім алынды, бұл ретте өнімділік гектарына былтырғыға қарағанда 184,7 центнерге жоғары болып отыр, яғни облыс бойынша орташа өнімділік 453,4 ц/га болса, Көксу ауданында бұл көрсеткіш - 522 ц/га.
Биыл ауданда қант қызылшасы бағытында 4 шаруашылық бірігіп, 1 сервистік даярлау орталығын құрды. Оларға 738 млн. теңгеге 11 бірлік техника лизингке берілді, соның 4-еуі комбайн, 4-еуі сепкіш, 3-еуі жапырақ жинағыш. Жалпы ауданда 85 бірлік техникамен қамтылған 4 сервистік даярлау орталығы жұмыс жасауда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -