Көксу ауданында жыл соңына дейін 110 отбасы тұрғын үймен қамтылады
Жетісудағы Көксу ауданында осы жылдың соңына дейін 110 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, соның нәтижесінде кезектегілер саны 7,2%-ға азаяды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні Көксу ауданында тұрғын үй кезегінде 1518 адам тұр. Кезектілікті азайту мақсатында әлеуметтік осал топтарға арнап 50 тұрғын үй сатып алу жоспарланған, соның 17-сі Республика күніне орай тұрғындарға берілді. Қалған үйлер жыл соңына дейін сатып алынады. Сонымен қатар Балпық би ауылындағы 60 пәтерлі несиелік тұрғын үйден кезекте тұрған отбасыларына жеңілдетілген несиемен пәтерлер берілуде. Соның нәтижесінде осы жылы тұрғын үймен қамтылған отбасылар саны 110-ға жетіп, кезек 1408-ге дейін азаяды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін биыл екі 60 пәтерлі несиелік тұрғын үйдің құрылысына қаражат бөлінді. Бұл үйлер 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі.
- Былтыр аудандық ауруханаға барғанымда ауданға 20 маман дәрігер келгені айтылды. Бір ауданға осынша маман келу деген – өте жақсы көрсеткіш. Біз биылдан бастап облысқа келген дәрігерлерге республикада бірінші болып, 5 және 10 млн теңгеден бір реттік көтермеақы бере бастадық. Сол кезде қажетті мамандарды тұрғын үймен қамту жағын қарастыруға уәде бергенмін. Соған сәйкес ауданның әлеуметтік сала қызметкерлеріне, жас мамандарға арнап Балпық би ауылынан 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді, 2025 жылдың бюджетін нақтылау кезінде қаржы қарастырылатын болады. Сол сияқты Балпық би ауылындағы жаңа шағын аудандағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық желілерді салудың сараптама қорытындысы алынды, - деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -