Көліктер шайқасы: Астанада авто-шоу өтті
Елорданың шеткі аймағындағы 40-станса маңында көлік жарысы бойынша экстремалды спорт шоуы өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен жигули, волга, ниссан, мерседес, БМВ, нива маркалы 24 көлік қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Шоу кезінде бір-бірін соғу сайысында кубок БМВ маркасының командасына бұйырды. Тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың болды. Ал көліктердің шайқасына қарама-қарсы тұста мотоциклдің құлағында ойнайтын тізгіншілер шаңды бұрқырата жүргізіп, көрерменге ерекше эмоция сыйлады.
Автомотоцикл маусымының жабылуындағы негізгі сайыс – атауы аңызға айналған BMW және Mercedes арасындағы қақтығыс, көлікте аман қалу үшін ережесіз жарыс шайқасы. Топтық жарыста әр командадан 4 көліктен шықты. Mercedes командасы жеңіске жетуге шақ қалғанымен, ереже бұзғанына байланысты кубокті BMW көлігінің командасы иеленді.
«Негізгі үшінші кезеңде Мерседес пен БМВ бәсекелесті. Оталып тұрған көлік жеңімпаз саналады және оған 500 мың теңге сыйақы тағайындалды. Бұл авто-шоу осымен алтыншы рет ұйымдастырылып жатыр. Маусымның ашылуы жыл сайын мамыр айында, ал қыркүйек айында жабылуы болады. Сол аралықта қалада көліктердің арасында дрифт сияқты жарыс түрлері бойынша жазғы маусым өтіп тұрады», – деді ұйымдастырушы, «Bort 1» көлікке техникалық және сервистік қызмет көрсету компаниясының директоры Елвар Агаев.
Айта кетсек, көрерменнің делебесін қоздырған шоуға Қазақстан Республикасы Автомотоспорт федерациясы мен «Bort 1» көлікке техникалық және сервистік қызмет көрсету компаниясы демеуші болған. Бұл экстремалды автоспортты ұйымдастырудың мақсаты – Қазақстанда автоспортты дамыту.
«BMW мен Mercedes көліктерінің шайқасы екі команда арасында өтті. Біздің топта осы жолы 4 адам болды: Шыңғыс Надиров, Илья Бутылкин және Иван Кравцов. Бүгінгі сайыста біздің, яғни BMW жақтан ереже бойынша ешқандай қателік болған жоқ. Қарсыласымыз Mercedes командасы өте мықты екенін көрсетті. Мықтылық жағынан жеңісті соларға бергенбіз, алайда олар техникалық ережелерді бұзып тұрғандықтан, биыл біз жүлделі болып отырмыз. Бұл командалық сайыс болғандықтан, бір адам ереже бұзса, тұтас команда жеңіледі деп саналады. Қазір кубокті алдық, енді келесі жылы маусымның ашылуына дайындаламыз. Өйткені Mercedes-тің командасы кубокті алып кету үшін келеді. Әр сайыста осы кубок үшін күресе береміз», ‒ деді жеңімпаз атанған BMW Bayerische клубының негізін қалаушы Мақсат Үйсенбаев.
Жеңімпазға 500 мың теңге сыйақы, елорданың кубогі және медаль табысталды. Сонымен қатар қонақтар арасында ойын-сауық бағдарламалар, сұрақ-жауап, дене шынықтыру бойынша байқаулар өтіп, бақ сынағандарға көлікке қажет құралдардың жинағы, өрт сөндіргіш, 50 мың теңгеге сертификат сынды сыйлықтар берілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -