МӘМС: Жамбыл облысы тұрғындарының 81 пайыздан астамы сақтандырылған
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен (бұдан әрі - МӘМС) қамтуды арттыру барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев баяндама жасады.
Жамбыл облысының 1 млн. 223 мыңнан аса халқы бар. Оның 81,6 пайызы (956 968 адам) МӘМС-пен қамтылған, ал 17,6 пайызы (216 373 адам) сақтандырылмаған. Тұрғындардың 4 пайызы (49 808 адам) емханаға тіркелмеген.
2024 жылдың 29 қазанындағы жағдай бойынша сақтандырылмағандар саны 259 584-тен 216 373 адамға кеміді. Яғни, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш 43 211 адамға немесе 16,6 пайызға төмендеп отыр.
Басқосуда сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары аудандардың әкімдері есеп беріп, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Бұдан бөлек, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмаділова, полиция департаменті көші-қон қызметі басқарма бастығының орынбасары Жарас Сәтбергенов көтерілген мәселе бойынша хабарлама жасады.
Ербол Қарашөкеев азаматтарды медициналық сақтандырумен қамту бойынша нәтижені әлі де арттыру қажеттігін баса айтып, заң аясында тиісті шаралар қабылдауды талап етті.
«Бос сөз емес, нақты нәтиже керек», - деп жиынды түйіндеген облыс әкімі жауаптыларға жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша 2 апта ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -