Мәжіліс депутаттары Қорғаныс министрлігінің ұшқыштарын даярлаудың жай-күйімен танысты
Ақтөбеде мәжілісімендер Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жеке құрамымен кездесті.
Халық қалаулылары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Қазыбек Әлішев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова профессорлық-оқытушылар құрамымен әскери білім беру, әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызметшілер мен курсанттарды әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов институт мұражайына Ұлы Отан соғысы жылдары ұшқыштар киген фуражканы сыйға тартты. Әскери оқу орнының бастығы полковник Тимур Еспағанбетов бұл тарихи жәдігер жауды жеңуге баға жетпес үлес қосқан қазақстандық ұшқыштардың өшпес ерлігін ұмытпау үшін маңызды екенін атап өтті.
Мәжілісмендер әскери институттың оқу-материалдық базасымен, оқыту бағдарламаларымен және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен танысты.
Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуда және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсетуде маңызды рөл атқаратын ұшу-инженерлік құрамның офицерлік кадрларын сапалы даярлау қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында әскери білім беру жүйесін жетілдіру, оқу бағдарламалары, курсанттардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту және әскери қызметтің беделін арттыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, цифрлық платформалар мен симуляциялық жүйелерді қоса алғанда, заманауи білім беру технологияларын енгізу, киберқауіпсіздік және әскери инженерлік оқу курстарын кеңейту, институтты заманауи әскери техникамен және жабдықтармен жарақтандыру туралы сөз болды.
Тараптар білім беру мекемелері, атқарушы және заң шығарушы органдар арасында тұрақты тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -