Мәжілісте әкімдердің ТЖ жариялау және азаматтық қорғау шараларын күшейту жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту мәселесі талқыланды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы барысында жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғау саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты мәселелер қаралды.
ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов ұсынылып отырған өзгерістер жергілікті атқарушы органға объектілік масштабтағы төтенше жағдайларды өздері жариялауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«ЖАО-ға объектілік сипаттағы ТЖ жариялау бойынша өкілеттік беру, әсіресе тұрғын үй объектілерінде зиянды өтеу және инфрақұрылымды қалпына келтіру жөнінде жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жергілікті бюджет резервтерінен қаражат бөлу рәсімін де жеңілдетеді», - деп министр атап өтті.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар дала өрттерін сөндіруге қажетті ресурстармен, соның ішінде жанар-жағармай материалдарымен, өртті жоюға қатысушылар үшін тамақтану және медициналық көмекпен қамтамасыз етуге жауапты болады. Өңірлерде азаматтық қорғау оқу орталықтарын құру жоспарлануда, онда мамандар халықты ТЖ жағдайында түрлі қауіпсіздік шаралары мен іс-қимылдарға үйрететін болады.
Бұл шаралар төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға, қауіп-қатерлерді азайтуға және жергілікті жерлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -