Мәжілісте Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы таныстырылды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста бірінші оқылымда “Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы” заң жобасын қарады.
Заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымының түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы, сондай-ақ қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, заң жобасының негізгі новеллалары
Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер шеберлері үшін бюджеттен шығындардың бір бөлігін өтеу және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу болып табылады. Түркістан қаласының мәслихаты қала құрылысы регламентін, қаланың дизайн-кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, Түркістан аумағында рәміздерді пайдалану тәртібін және т. б. бекітетін болады.
Қала әкімдігіне 3 бағыт бойынша 27 құзырет берілетін болады. Біріншісі қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Екіншісі-кесененің айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдану.
Үшінші бағыт туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік жағынан тартымды орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағытталған.
Бұдан басқа, ілеспе заң жобасы әзірленді. Оның шеңберінде Жер кодексіне, "ҚР-дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы", "ҚР-дағы туристік қызмет туралы" Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -