Маңғыстау ауданындағы шағын ауылға табиғи газ берілді
21 тамыз күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.
Аймақ басшысының іссапары Отпан ауылдық округіне қарасты 15-бекет елдімекенінен басталды. Бұл күні ауылға көптен күткен көгілдір отын берілді. Былтыр басталған газ тарту жұмыстарын “СМК-4” ЖШС бір жылға жетпей аяқтады.
Нұрдәулет Қилыбай «Дария» мекемесіне де барып, өткен жылы салынған су тұшыту орталығының жұмысымен танысты. Мекеме директоры Нұркен Қожамбетовтың айтуынша, нысан Маңғыстау ауданының 15 елдімекенін сумен қамтамасыз етеді. Мұндағы 45 млн теңгеге орнатылған су тұшыту қондырғысы тәулігіне 36 текше метр ауыз су өндіріп отыр. Осылайша, ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес тасымал арқылы ауыз су берілуде.
Осыдан кейін, облыс әкімі Шетпе ауылындағы Жаңа Орпа-2, Ащыбұлақ-1, 2 тұрғын массивтерін сумен жабдықтау жұмысымен танысты. Елдімекенді тіршілік нәрімен қамту жұмысының аяқталған 1-кезеңінде 1040 тұрғын үйге 57 шақырым су құбыры жүргізілген. 2-кезеңінде 8 ұңғыма қазу, 4,5 шақярым құбыр жүргізу және су сақтайтын қазандық салу жоспарланған. Бүгінде тереңдігі 105 метр болатын 2 ұңғыма қазылған. Сондай-ақ, Шаңдақ басындағы су жинау қазандығына баратын 4,5 шақырым құбыр желісінің 3,5 шақырымы тартылған. Құрылыс 2025 жылдың ақпанында аяқталуы тиіс.
Содан кейін аймақ басшысы Шетпе ауылында жаңадан бой көтеріп жатқан Қосбұлақ-2 шағынауданының бас жоспарымен яғни болашақ салынатын ғимараттар ( мәдениет, спорт кешені, әскери ғимарат (военкомат) т.б. танысты. Бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық мектептің және бір мезетте 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. 815 жеке тұрғын үй секторына арнап ауыз су, тоқ, газ, көше жарығы тартылған. Аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмысына тиянақты қарап, санына емес сапасына мән беруді тапсырды.
- Шалғай ауыл тұрғындарының сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, әл-ауқатын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту өте маңызды. Сондықтан да жаңадан салынып жатқан білім ошағы мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысын мерзімінен кешіктірмей, сапалы аяқтауды тапсырамын. Ал қабылдап алатын кезде жауапты тұлғалар бақылауды күшейтіп, тиянақтылық танытқаны абзал, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -