Маңғыстау облысының әкімі тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды
26 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы және нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Абдрасул Утешов облыс аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар және құқық бұзушылық мониторингінің нәтижелері туралы баяндады.
- Құқық бұзушылықтарға келер болсақ, көңіл көтеру орындары мен дүкендерде алкоголь өнімдерін шектеусіз сату, сонымен қатар, кафе-барлардың таңғы сағат 05.00-06.00-ге дейін жұмыс жасауы, кәсіби күзет қызметімен күзетілмеуі, дабыл жүйелері мен бейнебақылау камераларына түспейтін соқыр аймақтардың болуы, арақ ішкен мас демалушылардың төбелесуі қоғамдық тәртіптің бұзуына себеп болуда. Облыс бойынша соңғы 5 жылда жаңадан 140-тан аса кафе-бар және түнгі клубтар ашылған, бұл кәсіпкерліктің маңызды саласы болғанымен олардың иелері өз клиенттерінің қауіпсіз болу жағдайларын жасамайды, - деді Абдрасул Утешов.
Сондай-ақ, жиын барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов нашақорлық бойынша профилактикалық іс-шаралардың орындалу барысын мәлімдеді. Айтуынша, Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Кешенді жоспарды іске асыру ел басшылығының жіті бақылауында тұр.
- 2024 жылдың 1 жарты жылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша, есірткі қылмыстарының ашылу саны 60%-ға артып оң динамика көрсетуде және есірткі теріс қылықтары 47%-ға өсті. Оған қоса, заңсыз айналымнан – 92,2 келі есірткі тәркіленіп, 181 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деді Ілияс Жұмағұлов.
Отырысқа қатысушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты профилактикалық жұмыстарға ұсыныс білдіріп, есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына тоқтау қоюдың маңыздылығын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай көтерілген екі мәселеге қатысты тиісті тапсырма берді.
- Көше мен қоғамдық орындарда тәртіптің бұзылуына ойын-сауық орындарында уақыт шектеуінің қойылмауы мен ішімдіктің бақылаусыз сатылуы тікелей әсер етеді. Ал, тұрғын үйлер маңындағы көңіл көтеру орындарының уақытқа қарамай жұмыс істеуі - халықтың тыныштығын бұзады. Біз үшін, ең бастысы - азаматтардың жеке бастарының қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі. Сондықтан, тұрғын үйлерде орналасқан ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын қысқартуды мәслихатқа ұсынуды тапсырамын. Сондай-ақ, ұдайы алкоголь өнімін сату ережесін бұзушы кәсіпкерлердің лицензиясын алыңыздар. Ал, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алуға тиісті орындар жұмыла жұмыс жасау керек. Бұл - үлкен мәселе, көптен бері тараған індет. Біз өз тарапымыздан тиісті көмекті көрсетуге дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -