Маңғыстауда білім сапасын көтеретін «Отпан» жобасы бастау алды
Бүгін 16 тамызда Маңғыстауда DIGITAL KAZAKHSTAN: жаңа замандағы білімберу" тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесі өтті. Шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика - математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев, облыстың бірім беру ұйымдарының басшылары және педагогтар қатысты.
Жиында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының орта білім беру ұйымдарында білім сапасын көтеруді көздейтін «Отпан» жобасымен таныстырды. Жобаны облыстық білім басқармасы мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырып жатыр. Өңірде алғаш бастау алған жобаға Бейнеу, Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандары, Жаңаөзен мен Ақтау қаласынан барлығы 50 мектеп қатысады.
- Алдымен білім саланың қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының қолдауымен өңірімізде оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалып келеді. Дегенмен, ҰБТ қорытындысы қарасақ облысымызда оқушылардың білім деңгейі көңіл куантпайды. Биыл облысымызда тұңғыш рет тұрақты тірек мектептер желісін құрып, білім саласындағы үздік тәжірибелер алаңына айналдыру мақсатында Отпан жобасын іске қостық. Жоба аясында мектептермен 3 бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Алдымен мектептердің материалды-техникалық базасы жаңартылады. Екінші бағыт - ұстаздардың біліктілігін арттыру. Бұл бағытта Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері арнайы оқу бағдарламасын жүзеге асырады. Жобаның тағы бір бағыты - Отпан мектептерін 3 жылдық сүйемелдеу жұмыстары. Ұстаздар мен мектеп басшылығы кез-келген мәселе бойынша қажетті қолдауға ие болады. Аталмыш жобаға барлығы 60 мыңға жуық оқушы, 9 мыңға жуық ұстазы қатысады. Ал, барлық шығындар кәсіпкерлер қаражатына өтеледі,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба толығымен демеушілер қаражатына іске асырылады. Олардың қатарында NCOC, «Халық» қайырымдылық қоры мен Ordabasy Group компаниясы бар.
Ұстаздардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар шілде айында басталды. Семинарлармен тренингтер ағылшын тілі, физика, химия, биология, информатика, педагогика мен психология мен бастауыш сынып секілді бағыттар бойынша жүргізіліп жатыр. Жобаға қатысатын мектептердің толық тізімін furo.kz сайтынан білуге болады.
Сонымен қатар, тамыз кеңесі аясында «Цифрлық білім берудің болашағы» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, ІТ саласындағы мекемелер кеңеске қатысушыларды өздерінің заманауи технологиялық құралдармен таныстырды, облыстың дарынды оқушылары «Қазіргі мектеп бізге қызық па?» тақырыбында өзекті мәселені қозғап, көзқарастарын білдірді. Арнайы шақырылған спикерлер «ЭКРАННЫҢ БАЛАСЫ: баланың назарын қалай қайтарамыз?» тақырыбында мәселе көтеріп, жаңа идеялар мен механизмдер ұсынды.
Конференция соңында үздік білім беру ұйымдары және облыстың білім беру жүйесін дамытуда үлес қосып жүрген бірқатар қызметкер мен педагогтар марапатталды.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -