Маңғыстауда шопандар тойы дүркіреп өтті
Бүгін, 4 қазанда Маңғыстау ауданы, Сай-Өтес ауылы аумағында ата кәсіпті ардақтап, ел дәстүрін жалғастырған еңбеккерлерге арналған шопандар тойы өтті. Түбекте қайта жаңғырған мерекенің мақсаты - шаруалар еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеру.
Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Иткусов, өңірдің әр аймағында ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген еңбеккерлер, сала ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған тойда ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, қазақтың төл өнері кең даланы кернеп, жиналған жұртқа қуаныш сыйлады. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық киімдер көрмесі қойылды. Мерекеге жиналған халық қазақ күресі, гір тасын көтеру, қошқар, өгіз көтеру, қол күресі сияқты күш сынасулар мен «Аламан бәйге», «Тай бәйге» жарыстарын тамашалады.
Астанадан келген ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Иткусов жиналған қауымды думанды тоймен құттықтап, Маңғыстау өңіріндегі мал шаруашылығының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, саланың дамуына зор үлес қосқан ауыл ардагерлері мен сала мамандарына алғысын білдірді.
- Ата кәсібімізді жалғастырушы ағалар! Маңғыстау өңірі мал шаруашылығы саласында талай кезеңді бастан өткерді. Кеңес дәуірінде колхоз бен совхоз болып дамыдық, ал тәуелсіздік алған жылдары қиындықтарды еңсердік. 2-3 жыл бұрын орын алған қуаңшылық та біздің шаруаларға оңай тиген жоқ, бірақ сіздер осының бәрін жеңе білдіңіздер. Облыста мал саны екі мүшелге жуық пайызға өсті. Бұл сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Мал шаруашылығы Маңғыстауда үлкен қиындықтармен жүзеге асатыны бәрімізге мәлім. Мемлекет тарапынан субсидиялар бөлініп, көмек көрсетіліп жатыр, бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шаруалар еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеруді тапсырды. Бүгінгі шопандар тойы – соның айғағы. Менің түсінігімде, шопандар тойы - Маңғыстау өңіріндегі қасиетті Амал мерекесінен кейінгі екінші той. Бұл тойды дәстүрлі түрде жалғастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айтулы мерекеде сала мамандары ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» грамоталарымен, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шара соңында ұлттық ойындар мен жарыстардың жеңімпаздары дипломдармен, ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды. «Аламан бәйгеде» бірінші орын алған Жетібай өңірінің шабандозына автокөлік табысталды.
Мерекелік кеш өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -