Маңғыстауда өткен Әбіш Кекілбайұлының мерейтойында Мәжіліс төрағасы Президенттің құттықтауын жеткізді
Бүгін, 27 қыркүйек күні Ақтау қаласында халық жазушысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркия, Венгрия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген ғалымдар мен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты шара Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашып берген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Әбіш Кекілбайұлы – төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Сөз зергері ерекше дарыны мен телегей-теңіз білімінің арқасында шеберліктің шыңына шығып, теңдессіз туындылар жазды. Әбіш Кекілбайұлы – тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды.Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның танымы терең, талғамы мол мұрасы әлі талай буынға рухани азық болары сөзсіз. «Қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы – сәждем» деп, Отанын шексіз сүйген абыз Әбіштің есімін ел жадында сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Мәжіліс спикері өз сөзінде Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойы шын мәнінде халықтың мерекесі, ұлттың тойы екенін атап, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қырларын еске алды.
Ал алқалы жиынды тізгіндеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ел тарихында баға жетпес мұра қалдырып, өшпес із қалдырған жазушының өмірі мен шығармашылығына ерекше тоқталып, ауқымды шараның маңыздылығын айтып өтті.
- Киелі түбек топырағынан дүреген дара дарын, атақ-даңқы төрткүл әлемге танылған Әбіш Кекілбайұлы өзі кетсе де, ізінде мәңгі өміршең бай мұрасы, сөзін әспеттеген ойлы оқырманы қалды. Әбіш аға көзі тірісінде-ақ біртума талант иесі ретінде танылды. Шалқар білімімен, терең пайымымен, биік ой-өресімен дараланды. Ой қуаты зор қаламгер әдебиет әлеміне соны серпін ала келді. Қазақ руханиятын аса құнды жәдігерлемен толықтыра түсті. Оның шұрайлы, нәрлі, образды тілі, сүбелі ой толғамдары, кесекті кейіпкерлері оқырманды терең ойға бөледі. Әбіш ағаның тұлғасы туралы терең толғам бір емес, бірнеше кітап томына арқау боларлық дүние. Мұны біз қалам ұстаған қауымның еншісіне қалдырсақ дейміз. Келешек іргесі – келер ұрпақ санасында арда азамат есімі еш көмескіленбей, мәңгі жарқырай беруі үшін мұндай салиқалы іс-шаралар заңды жалғасын таба бермек, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Академик Кәрімбек Құрманәлиев, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дихан Қамзабекұлы, техника ғылымдарының докторы Еділ Жаңбыршин, филология ғылымдарының докторы Жанбибі Дүйсенбаева, философия ғылымдарының докторы, Кастомону университетінің профессоры Орхан Сөйлемез Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық мұрасы, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддені дәріптеудегі еңбектері, сондай-ақ, парламентаризм институтының қалыптасуына қосқан үлесі бойынша өзекті мәселелерді сараптап, оның қоғамдағы орны мен маңызы туралы баяндама жасады.
Ғылыми-конференция филология, философия, тарих ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары өз зерттеулерін ұсынған секциялық отырыспен жалғасты.
Айта кетейік, мерейтой аясында «Әбіш әлемі» халықаралық театр фестивалі өтуде.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -