Маңғыстаулық депутаттар мен журналистер ауызсу өндіретін зауыттардың жай-күйімен танысты
12 шілде күні облыстық және Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары мен БАҚ өкілдері өңір халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған “МАЭК" ЖШС және "Каспий" су тұшыту зауытының қазіргі жағдайымен танысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Зауытқа келушілер “"МАЭК” бүгінде қанша су өндіріп отыр, неге су тапшы, комбинат өндірген су жылы жағажайдағы қонақүйлерге кетіп жатқан жоқ па?" деген сауалдарға жауап алды.
“МАЭК" энергия комбинаты - Маңғыстау өңірін ауызсумен қамтитын негізгі кәсіпорын. Өндірістік қуаты - тәулігіне 52 000 м3. Дегенмен, өндірістік орындар мен халық санының көбеюіне орай салынып жатқан тұрғынүйлер мен нысандар тіршілік нәріне деген сұранысты арттырып отыр. Оның үстіне соңғы аптадағы аптап ыстық теңіз суының ысуына, ал ол су өндірісі көлемінің азаюына әсерін тигізді, - дейді комбинат басшылары.
Алайда бұл уақытша жағдай. Алдағы күндері “МАЭК” аумағындағы ОСЖТ-2 (орталық сумен жабдықтау торабында) салынған жаңа қондырғылар қала тұрғындарына тәулігіне қосымша 6 000 м3 ауызсу бере бастайды.
"МАЭК" ЖШС -не қарасты дистилят өндіретін зауыттың директоры Денис Саморуковтың айтуынша, қазір қондырғыларға су жиналып жатыр.
Д.Саморуков “МАЭК” тарапынан жылы жағажайдағы қонақүйлер мен туристік нысандарға су берілмейтінін, комбинат негізінен Ақтау тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырғанын да айтты.
Өңірдегі ауызсу тапшылығын шешуге "Каспий" су тұшыту зауыты да үлес қосады. Зауыт қуатын тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін ұлғайту жобасы аяқталуға жақын.
- Қазір зауытта қуаты тәулігіне 20 мың текше метр болатын бес қондырғы жұмыс істейді. Өнімнің 60-65 %-ы Мұнайлы ауданының тұрғындарына, қалғаны Қарақия ауданына, әуежайға, облыстағы әскери бөлімдерге және Жылы жағажайда орналасқан туристік нысандарға беріледі. Қазіргі таңда зауытқа қуатты екі есе арттыратын жаңа бес қондырғы жеткізілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып қалды және қосымша іске қосу жұмыстары басталды. Шілденің соңында тестілік режимде бірінші қондырғыны қосамыз. Ал тамызда қалған қондырғыны кезең-кезеңімен қосу жоспарлануда, - деді "Каспий" су тұшыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.
Бүгінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 су жетпейді. Аталған қос жоба іске қосылғанда су тапшылығын толығымен жоюға мүмкіндік туады.
Айта кетейік, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өндірілетін су көлемін ұлғайтуға бағытталған жобаларды жедел аяқтауды тапсырған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -