Мадина Әбілқасымова қаржы секторын дамытудың негізгі нәтижелерін атады
– Мадина Ерасылқызы, банк секторы 2025 жылға қандай қорытындылармен келді? Сыртқы және ішкі сын-қатерлерді ескере отырып, қаржы нарығындағы жағдайды қалай бағалайсыз?
– 2024 жылы Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында дамыды.
Жаһандық деңгейде геосаяси тәуекелдер мен санкциялық шектеулердің күшеюіне байланысты қатаң макроқаржылық жағдайлар сақталды. Энергетикалық тауарлардың әлемдік нарығында аймақтық қақтығыстар аясында жоғары құбылмалылық, сондай-ақ ЕО-ның ірі елдері мен Қытайда өсудің баяулауы байқалды.
Жергілікті деңгейде Қазақстан су тасқынынан болатын экономикалық зардаптарға, сондай-ақ жоғары инфляцияға және бизнестің ұзақ мерзімді қаржыландыруға қол жеткізуін шектейтін мөлшерлемелерге тап болды. Жыл қорытындысы бойынша инфляция 8,6%-ды құрады, алайда жоғары деңгейде сақталуда. Оның баяулауы негізінен қалыпты қатаң монетарлық саясатпен (ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі 15,25%-ды құрайды) және азық-түлік бағасының төмендеуімен байланысты.
Сыртқы және ішкі сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы үдемелі өсуді көрсетіп отыр, ол өткен жылғы 11 айда 4,4%-ды ж/ж құрады. Экономиканың базалық салалары өсудің оң қарқынын сақтап отыр. Ең үлкен өсу ауыл шаруашылығында (+13,4%) және құрылыста (+10,3%) байқалады. Сауда 8,2%-ға, көлік 8,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ға өсті.
Өз кезегінде, банк секторы тұрақтылықты сақтап, өсуде және мемлекеттің экономикалық мақсаттарын белсенді қолдауда. Барлық негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады. Өткен жылғы 11 айда банктердің активтері 15,1%-ға ұлғайып, 59 трлн теңгеге жетті (2020 жылдан бастап 2,2 есе өсті). Салымдар 13,3%-ға өсіп, 40 трлн теңгені құрады (2020 жылдан бастап 2,2 есе өсті), бұл экономикалық агенттер тарапынан банк жүйесіне деген сенімнің артқанын көрсетіп отыр.
Банктердің кредиттік портфелі 17,2%-ға 35 трлн теңгеге дейін өсті (2020 жылдан бастап 2,4 есе өсті). Кредиттердің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр, жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі 3,2%-ды немесе 1,1 трлн теңгені құрайды (2020 жылы жұмыс істемейтін кредиттердің үлесі 8,1%).
2023 жылы банктерді реттеу мен қадағалаудың Базель комитетінің тиімді банктік қадағалау қағидаттарына сәйкестігін бағалау мақсатында Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік Банк Қазақстанның қаржы секторын бағалау бағдарламасын (FSAP) өткізді.
ХВҚ мен Дүниежүзілік Банктің сарапшылары SREP әдіснамасы бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалауды, активтердің сапасын тұрақты бағалауды (AQR) және қадағалап стресс-тестілеуді енгізуді қоса алғанда, Қазақстанда тәуекелге бағдарланған қадағалауды дамытуда айтарлықтай прогресті атап өтті, олар қадағалап бағалау процесін толықтыратын жыл сайынғы іс-шараларға айналды. Базель-3 стандарттарын енгізуге, оның ішінде капиталдың жүйелік, консервациялық және контрциклді буферлерін және өтімділіктің (LCR) және қорландырудың (NSFR) жаңа стандарттарын енгізуге оң баға берілді.
Қағидаттарға сәйкестікті бағалау нәтижелері бойынша Қазақстандағы банктерді реттеу мен қадағалау 29 қағидаттың 22-сіне (75%-дан астам) толық немесе елеулі түрде сәйкес келетіні, ішінара – 7-уі сәйкес келетіні атап өтілді.
Сонымен қатар, FSAP миссиясы капитал мен өтімділікке жекелеген талаптарды Базель стандарттарына сәйкес келтіруді аяқтау бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
FSAP ұсынымдарын іске асыру үшін 2024 жылдан бастап қадағалап бағалау (SREP), активтердің сапасын бағалау (AQR) және стресс-тестілеу нәтижелері бойынша капиталдың ең аз жеткіліктілігіне қадағалау үстемелері енгізілді. Банктердің орнықтылығын арттыру үшін банктер капиталының консервациялық буфері 2,0%-дан 2,5%-ға дейін ұлғайтылды, ол бұзылған кезде дивидендтер төлеуге шектеулер енгізіледі.
Қаржылық тұрақтылықты арттыру мақсатында өткен жылы банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалаудың барлық элементтерін енгізу аяқталды. Атап айтқанда, банк конгломераты қатысушыларының меншікті капиталына қойылатын ең төменгі талаптарды неғұрлым дәл бағалауды қамтамасыз ету және конгломераттың қаржылық орнықтылығы көрсеткіштерін асыра бағалау тәуекелін болдырмау үшін банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігін есептеудің жаңа тәртібі енгізілді.
Банк конгломераттарын қадағалауды күшейту үшін банк конгломератының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптар енгізілді, банк холдингінің директорлар кеңесінің рөлі күшейтілді, капиталды басқаруға, банк конгломератының қызметіне тән тәуекелдің негізгі түрлері бойынша стресс-тестілеу мен сезімталдықты талдауға қойылатын талаптар енгізілді, банк конгломераты қатысушыларының өтімділік тәуекеліне мониторинг жүргізуге қойылатын талаптар белгіленді.
Кредиттік тәуекелді басқаруды жақсарту және активтердің сапасын дәл бағалау үшін жұмыс істемейтін қарыздар (NPL) ұғымы енгізілді, оның мәні несие портфелінің 10%-дан аспайтын деңгейде белгіленді.
Ынтымақтастықты кеңейту және банктерді тиімді трансшекаралық қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында Базель комитетінің стандарттарына сәйкес АҚШ Ақша айналысын бақылаушы басқармасымен, Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясымен және Қаржылық қадағалау қызметімен, Венгрия ұлттық банкімен меморандумдар жасалды.
Биыл банк жүйесінің орнықтылығын арттыру және қарыз капиталының шамадан тыс ұлғаюын болдырмау үшін жаңа пруденциялық норматив – левередж коэффициентін енгізу жоспарлануда, ол тәуекелді активтер мен шартты міндеттемелердің 3%-ы деңгейінде белгіленетін болады.
Сонымен бірге Агенттік байланысты тұлғалармен мәмілелерді қатаңдатуға, байланысты тұлғалармен аудит жүргізу жөніндегі талаптарды белгілеуге бағытталған заңнамалық түзетулер енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті түзетулерді Банктер туралы жаңа заңды әзірлеу шеңберінде көздеу жоспарлануда.
Қазақстанның банк жүйесіндегі тәуекелдерді төмендету жөніндегі біздің шараларымызды S&P Global Ratings жоғары бағалады және BICRA рейтингінде елдің позициясын көтерді. Сарапшылар банк секторының тәуекелдерін бағалауды «8» тобынан «7» тобына жақсартты. Бұған қаржы секторын қадағалауды күшейтудің тиімді саясатының арқасында қол жеткізілді. Рейтингтің жақсаруы Қазақстанның жеті қаржы ұйымының рейтингінің жоғарылауына алып келді.
Сонымен қатар S&P сарапшылары банк секторының макроэкономикалық сын-қатерлер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығын атап өтті. Банктердің активтері мен қаржылық көрсеткіштерінің сапасын бағалау олардың күткенінен асып түсті. Жүйелік шараларды іске асыру нәтижесінде жүйеде проблемалық кредиттер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7-7,5%-ға дейін төмендеді, бұл елдің қаржылық орнықтылығын жақсартуға ықпал етті.
Жалпы алғанда, іске асырылып жатқан реформаларды аяқтау Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің стандарттарына толық сәйкестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл банк жүйесінің орнықтылығын арттыруға, тәуекелдерді басқару тетіктерін нығайтуға ықпал ететін болады.
Корпоративтік кредит беруді кеңейту үшін Агенттік өз тарапынан қандай шаралар қабылдап жатыр?
– Қаржы жүйесін реттеуді жетілдірумен және оның орнықтылығын қамтамасыз етумен қатар, Агенттік Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін белсенді жұмыс істеуде.
Бірінші. Ол үшін Агенттік бірқатар ынталандырушы пруденциялық шаралар енгізді. Кредит беруді кеңейтудің негізгі шарты банктерде капитал мен өтімділіктің жеткілікті көлемінің болуы болып табылады.
Кредит беру туралы шешім қабылдаған кезде банктер тәуекелдерді бағалап, ықтимал шығындарды өтеу үшін қажетті капиталды айқындайды. Әдетте шағын және орта бизнеске (ШОБ) берілетін кредиттер үшін тәуекел-саралау коэффициенті 100%-ды құрайды. Мұндай субъектілерге кредит беру кезінде капиталға түсетін салмақты азайту үшін біз бұл коэффициентті 50%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдадық. Бұл шара банктерді стартаптарды қоса алғанда, ШОБ-ты неғұрлым белсенді кредиттеуге ынталандыруға тиіс. Синдикатталған қарыздар үшін де осындай жеңілдіктер енгізілді.
2026 жылға дейін банктердің өтімділігін босату үшін LCR және NSFR өтімділік коэффициенттерінің 0,9 деңгейдегі төмендетілген мәндері қолданылады, ол үшін босатылған өтімділік нақты секторға кредит беруге бағытталуы қажет.
Бұл шаралар нақты секторға кредит беру үшін қосымша қаражатты босатып, банктердің капиталы мен өтімділігіне қысымды азайтады.
Екінші. Кәсіпкерлердің кредитке қол жеткізуін тежейтін негізгі факторлардың бірі банктердің кепілмен қамтамасыз етуге қоятын талабы болып табылады. Кепілдерді бағалау кезінде банктер түрлі жеңілдіктерді қолданады, бұл кредит сомасының төмендеуіне немесе тіпті оны беруден бас тартуға әкеледі.
2020 жылдан бері біз жыл сайын банктер активтерінің, оның ішінде кепілмен қамтамасыз етудің сапасын бағалауды (AQR) жүргізіп келеміз. Бұл кепілдердің нақты құнын анықтауға және өтімділіктің дәлірек коэффициенттерін белгілеуге мүмкіндік береді. Бастапқыда бұл коэффициенттер жоғары болды, бірақ қазір біз оларды кепілдердің нақты құнына сәйкес келтірдік. Осылайша, біз МЖӘ шарттары мен оффтейк-келісімшарттар бойынша автокөлік, жабдық және ақша қаражаты түріндегі кепілдер үшін өтімділік коэффициенттерін көтердік. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сапалы кепілдерінің шектеулі екенін ескере отырып, біз астық қолхаттарын да тұрақты кепіл ретінде таныдық.
Банктер құратын провизиялардың мөлшерін қысқарту мақсатында мәжбүрлі қайта құрылымдау өлшемшарттары бөлігінде оларды есептеуге қойылатын талаптар да қайта қаралды. Инвестициялық қарыздар үшін құнсыздану белгілерінің болуының жекелеген өлшемшарттары енгізілді. Бұл шара банктерге жеке тәртіппен де, жобалық қаржыландыру шеңберінде де инвестициялық қарыздарды кредиттеу үшін көбірек мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, әкімшілік кедергілерді азайту және ШОБ-ты кредиттеу туралы шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз ету үшін қарыздың ең жоғары мөлшері қайта қаралды, оның шегінде қарыз алушының кредит алу қабілетін талдаудың оңайлатылған – қазіргі капиталдың 0,2%-ы болатын деңгейден 500 млн теңгеге дейін не банк капиталының 0,2%-ына дейінгі деңгейді құрайтын тәртіп қолданылады.
Үшінші. Еншілес шетелдік банктердің бизнеске кредит берудегі әлеуеті үлкен. Бүгінгі күні Қазақстанда 9 еншілес шетелдік банк жұмыс істейді. Олардың бас ұйымдарының жиынтық капиталы шамамен 1,3 трлн АҚШ долларын, ал еншілес банктердің кредиттік портфелі 2,9 трлн теңгені құрайды.
Осыған байланысты, нақты секторға кредит беруді кеңейту үшін бас банктердің мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Осы мақсатта біз өткен жылғы желтоқсанда жаңа пруденциялық шаралар енгіздік. Атап айтқанда, біз банктердің бейрезиденттер алдындағы міндеттемелерге капиталдандыру коэффициентінің ең жоғары мәнін көтердік. Бұдан басқа, біз халықаралық қаржы ұйымдарының валюталық облигацияларын қаражатты ішкі активтерге орналастыру коэффициентін (ІАК) есептеу кезінде ішкі активтер ретінде таныдық. Бұл шаралар еншілес шетелдік банктердің кәсіпкерлерді кейіннен қаржыландыру үшін бас банктерден қорландыруға қолжетімділігін кеңейтті.
Төртінші. Банктер үшін базалық мөлшерлеменің жоғары болуына және қолданыстағы салықтық жеңілдіктерге байланысты өтімділігі жоғары активтерге, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздарға салынатын салымдар тартымды болып қалып отыр. Бұдан басқа, халықтың тарапынан сұраныстың болуы аясында маржасы жоғары тұтынушылық кредиттеу тартымды болып қала береді.
Осыған байланысты, жаңа Салық кодексі шеңберінде банктердің корпоративтік кредит беруінің тартымдылығын арттыру жөніндегі фискалдық шаралар қарастырылуда. Атап айтқанда, бизнеске кредит беруден түсетін кірістер үшін неғұрлым төмен мөлшерлемені көздей отырып, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін КТС-ның сараланған мөлшерлемелерін енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа, банктердің МБҚ-ға инвестициялар мен бизнеске кредит беруден алынған кірістерінің арасындағы салықтық төрелік жойылады.
Сонымен қатар, біз тұтынушылық кредиттерді белсенді беруді ынталандыру шараларын қабылдадық. Мәселен, мұндай қарыздар бойынша тәуекел-саралау қарыз сомасы мен сыйақы мөлшерлемесіне қарай стандартты 100%-дан 350%-ға дейін ұлғайтылды.
Өткен жылы маусымда синдикатталған кредиттеуді дамыту үшін заңнамалық түзетулер де қабылданды. Олар бейрезидент-банктер мен АХҚО банктерінің есебінен синдикатқа қатысушылар құрамын кеңейтуді, сондай-ақ банктік қарызды синдикатталған қарызға айналдыру мүмкіндігін көздейді. «Бәйтерек» холдингінің негізінде синдикатталған қаржыландыру жөніндегі жобалау кеңсесі құрылды, ол даму институттарымен және жеке банктермен белсенді жұмыс істеуде. Нәтижесінде 835 млрд теңге сомасына бес жобаны қаржыландыру мақұлданды, жалпы құны 6,5 трлн теңге болатын тағы 12 жоба қаралып жатыр.
Корпоративтік кредиттеуді кеңейту проблемаларының бірі банктерді қорландыру базасының қысқа болуы болып табылады. Инвестициялық жобаларды кредиттеу мақсатында банктерге ұзақ мерзімді қорландыру беру үшін Ұлттық Банкпен бірлесіп банктердің облигацияларына нарықтық талаптармен 7 жылға дейінгі мерзімге көлемі 500 млрд теңгеге дейін БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау тетігі іске қосылды. Бүгінгі күні банктер кейіннен кредит беру үшін 220 млрд теңге тартты.
Бизнеске кредит беру рәсімдерін цифрландыру үшін заңды тұлғалар, жылжымайтын мүлік, салық деректері, лицензиялау, кірістер және т.б. бойынша 49 мемлекеттік дерекқор сервисі бар банктердің ақпараттық жүйелері интеграцияланды. Бизнес субъектілерінің кредит беруге өтінімдерді қашықтан беруін кеңейту бойынша жұмыс жалғастырылады.
Қабылданған шаралар экономиканың одан әрі өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасады және қазірдің өзінде нәтиже беруде. 2024 жылғы қаңтар-қарашада нақты сектор субъектілеріне жаңа қарыздар беру 2023 жылмен салыстырғанда 19,3%-ға өсіп, 16,1 трлн теңгені құрады. Бизнеске берілген кредиттердің жиынтық портфелі 12,6 трлн теңгеге дейін 12,0%-ға ұлғайды.
Кепілдік беру жүйесінің әлеуетін кеңейту үшін банктердің қатысуымен ШОБ кредиттері бойынша кепілдік беру қорын құру мәселесі талқылануда. Мұндай модельде кепілдік беру тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана жүзеге асырылып қоймай, оған банктердің және ШОБ субъектілерінің де қатысуы көзделеді.
Банктер мен ШОБ-тың кепілдік беру жүйесіне қатысуы жүйенің өзін-өзі қаржыландыруына мүмкіндік бере отырып, мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайтады, сонымен қатар жүйенің жалпы орнықтылығын арттыра отырып, мемлекет, банктер және бизнес арасында тәуекелдерді бөлуге ықпал етеді.
Жалпы алғанда, бизнеске берілетін кредиттердің қолжетімділігін арттыру үшін төмен және тұрақты инфляция мен пайыздық мөлшерлемелерді, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша тиісті макроэкономикалық жағдайлар жасау маңызды. Сонымен қатар, корпоративтік сектордың меншік құрылымы мен оны басқарудың ашықтығын арттыру, корпоративтік басқару мен ақпаратты жария етудің озық стандарттарын енгізу де маңызды.
– Қаржылық алаяқтыққа қарсы күресті күшейту үшін қандай шаралар қажет?
– Қаржылық алаяқтыққа тиімді қарсы іс-қимыл құқық қорғау органдарының, сондай-ақ қаржы реттеушілері мен қаржы ұйымдарының үйлесімді жұмысын талап етеді.
Бұл міндетті шешу үшін Ұлттық Банк өткен жылы банктер мен ІІМ арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін, алаяқтардың «қара» және «сұр» тізімдерін жүргізетін, сондай-ақ күдікті операциялар бойынша қаражатты бұғаттайтын арнайы Антифрод-орталық құрды. Ол жұмыс істеген сәттен бастап 1 млрд теңгеден астам сомаға 13 мыңға жуық оқыс оқиға бұғатталды.
Ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мақсатында өткен жылы 5 желтоқсанда Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді, онда бірқатар іс-шаралар өткізу, оның ішінде қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылдау көзделеді.
Оның ішінде 150 АЕК-тен астам сомаға (2025 жылы 589 800 теңгеден астам) тұтынушылық кепілсіз қарыз беру кезінде «шешім қабылдау кезеңінің» енгізілуін атап өтуге болады. Яғни, қазір банк сізге қарыз сомасын бірден аудармайды, бір тәулік ойлануға мүмкіндік береді. Бұл қарыз алушыға 24 сағат ішінде шешімді өзгертуге және кредиттен бас тартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, оған құқық қорғау және арнайы органдарды қосуға, алаяқтық операцияларға тартылған ұялы нөмірлерді уақтылы анықтауға және бұғаттауға бағытталған ұялы операторлармен өзара іс-қимыл тәртібін айқындау арқылы Антифрод-орталықтың өкілеттігі кеңейтілетін болады.
Кредиторлар үшін егер азамат кредит алуға алғаш рет жүгінсе, онымен қарыз шартын банк бөлімшесінде немесе МҚҰ-да тек қана оның жеке қатысуымен жасасу талабын енгізу қарастырылуда. Банк немесе МҚҰ клиенттің жеке басын куәландырып, қарыз шынымен оның бастамасы бойынша ресімделетінін растауы керек. Бұл кредит берушіге түсіндіру жұмыстарын толық көлемде жүргізуге және клиенттің шарттың барлық талаптарын түсінетініне және қарыз бойынша міндеттемелерді орындамаудың ықтимал тәуекелдерін түсінетініне көз жеткізуге мүмкіндік береді.
Азаматтардың осал санаттарына (21 жасқа дейінгі жастар, аға буын және бұрын банкпен немесе МҚҰ-мен кредит беру шарттарын жасамаған азаматтар) алаяқтық кредиттерді ресімдеуді болдырмау үшін е-Gov порталында оны жою мүмкіндігімен осы топтар үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздарды ресімдеуге автоматты түрде тыйым салуды белгілеу ұсынылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп телефон арқылы жасалатын алаяқтық фактілері бойынша азаматтардың шағымдарын қабылдау үшін қысқа нөмір бойынша жүгіну мүмкіндігі бар Бірыңғай байланыс орталығын құру пысықталуда. Байланыс орталығы алаяқтық қоңыраулар туралы ақпарат жинаумен айналысады, кейіннен ұялы нөмірді бұғаттау, ұялы байланыс операторынан сим-картаны алу және мессенджердегі есептік жазбаны бұғаттау туралы шешім қабылдай отырып, бастапқы тексеру мен жіктеуді жүргізеді. Қосымша телеком-операторларды міндетті түрде антифрод-бөлімшелер құруға міндеттеу жоспарлануда, олар, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктердің тәуекелдерді басқару жүйелеріндегі сияқты телефон арқылы жасалатын алаяқтық тәуекелдерін бағалауға тиіс.
Сим-карталарды бақылаусыз пайдалануды болдырмау үшін ұялы телефон нөмірін тіркеу кезінде міндетті биометриялық идентификаттау туралы талапты енгізу, сондай-ақ бір адамға сим-карталарды тіркеуді шектеу және дистрибьютерлерге/заңды тұлғаларға тіркеуге тыйым салу туралы мәселені қарастыру жоспарлануда.
Алаяқтар пайдаланатын құрылғыларды бұғаттаудан басқа, Қазақстан аумағында сим-бокстарды пайдалануды шектеу үшін реттеуді қатаңдату мәселесі қаралуда.
Сонымен қатар, жол картасы шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдардың киберқылмыстар, интернет-алаяқтық және олардан қорғау әдістері бойынша халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмысын тұрақты жүргізуі, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқыту, сондай-ақ барлық тараптардың өзара іс-қимылының бірыңғай регламенттелген процесін құру көзделген.
Осы шаралардың барлығы қаржы саласындағы тәуекелдерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, мониторингті жақсартуға және қаржы саласында барынша жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– 2024 жылы сақтандыру секторы қалай дамыды? Биылғы жылға секторды дамыту жөнінде қандай негізгі бастамалар жоспарланып отыр?
– 2024 жылы сақтандыру секторы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсуді көрсетті. Сақтандырушылардың активтері 11 айда 21%- ға ұлғайып, 3 трлн теңгені құрады, бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе көп. Мұндай өсім жасалған сақтандыру шарттары санының ұлғаюына және сақтандыру ұйымдарының белсенді инвестициялық қызметінің нәтижесінде мүмкін болды.
2024 жылы жасалған шарттар саны 21 млн шартты құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 38%-ға көп. Соңғы бес жыл ішінде шарттар саны екі есе өсті. Жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2023 жылғы деңгейден 53%-ға асып түсіп, 1,3 трлн теңгені құрады – бұл тарихи максимум. Сыйлықақылар соңғы бес жылда үш есе өсті, бұл сақтандыруға деген сенімнің артуын және сақтандыру қызметтеріне деген сұраныстың артуын көрсетіп отыр.
2024 жылғы 11 айда сақтандыру төлемдері 301 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23%-ға көп. Сақтандырудың міндетті түрлері көш бастап тұр, олар бойынша төлемдер 64%-ға өсті. Соңғы бес жыл ішінде төлемдер 1,5 есе ұлғайды.
Сақтандыру секторын дамытудың негізгі үрдісі – цифрландыру.
2024 жылдан бастап сақтандырудың барлық міндетті сыныптары бойынша сақтандыру төлемдері автоматтандырылды. Бұдан былай сақтандыру шартын онлайн режимде жасап қана қоймай, сондай-ақ сақтандыру ұйымының сайты немесе мобильдік қосымшасы арқылы сақтандыру төлемін алуға өтініш және құжаттар топтамасын жіберуге болады.
Өткен жылы алғашқы цифрлық сақтандыру өнімі – Еурохаттама іске қосылды. Бұдан былай ұсақ жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлік иелері жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей мобильдік қосымша арқылы сақтандыру төлемін жеңілдетілген тәртіпте алу мүмкіндігіне ие болды. Еурохаттаманың арқасында міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемдері айтарлықтай өсті. Өткен жылы жеңілдетілген рәсім бойынша 15 276 жағдай бойынша 2,3 млрд теңге төленді. Төлемдерді төлеудің орташа мерзімі күнтізбелік 15 күнге дейін қысқарды, бұрын бұл рәсім жол-көлік оқиғасы орын алған сәттен бастап орта есеппен 2-3 айға созылатын.
Цифрландырудың маңызды элементі Бірыңғай сақтандыру дерекқорының (БСДҚ) 38 мемлекеттік дерекқор базасымен ықпалдасуы болып табылады. Бүгінгі күні БСДҚ-да барлық сақтандыру шарттары бойынша толық статистика қалыптастырылуда. Бұл сақтандыру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етеді және сақтандыру қызметтерін алу процесін жеңілдетеді.
Ауқымды ықпалдастыру БСДҚ-да міндетті автосақтандыру бойынша тарифтерді есептеуді автоматтандыруға мүмкіндік берді. 2024 жылдан бастап тарифтер өңірлер бойынша өзекті шығындылықты ескере отырып, БСДҚ-да қайта есептелуде, бұл апатқа ұшырау ықтималдығы төмен өңірлерде автомобиль иелеріне сақтандыру үшін аз төлеуге мүмкіндік береді.
2025 жылғы сәуір айынан бастап сақтандыру ұйымдары өз клиенттеріне 5 жыл бойы апатсыз жүргізгені үшін жеңілдіктер бере алатын болады. Жүргізушілердің скорингі БСДҚ-ның көмегімен автоматты түрде жүзеге асырылады.
Әрбір жүргізушіге мәлім «бонус-малус» жүйесі ендігі жерде жол-көлік оқиғасының ауырлығын және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын ескеретін болады. Мысалы, егер жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккендер болса, жүргізуші мас күйінде болған немесе жүргізу ережелерін дөрекі бұзуға жол берген жағдайда, онда «бонус-малус» жүйесі бойынша коэффициент айтарлықтай төмендейді, тиісінше, келесі жылға сақтандырудың құны жүргізушіге қымбатқа түседі.
2025 жылы цифрлық сервистерді дамыту және сақтандырудың қолжетімділігін арттыру жалғастырылады. Бұл ретте, сақтандыру ұйымдары үшін IT-компанияларға инвестициялау мүмкіндігі маңызды қадам болмақ, демек халыққа және бизнеске көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға мүмкіндіктер артады.
Цифрландырудан басқа, сектордың өсуіне сақтандыру түрлерінің кеңеюі және жаңа сақтандыру өнімдерінің пайда болуы ықпал етеді.
2024 жылдан бастап сақтандыру компаниялары Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберінде өнімдер ұсынады. Бұл жүйе қазақстандықтарға жыл сайын 5%-дан 7%-ға дейін мөлшерде мемлекет сыйлықақысын және сақтандыру ұйымынан инвестициялық кіріс ала отырып, балалардың білім алуына қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні 670,5 млн теңге сомаға 3 мыңнан астам шарт жасалды.
Сонымен қатар, 2024 жылдың соңында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұдан былай МБЖЖ шеңберінде жасалған әрбір сақтандыру шартына немесе банктік салым шартына биылғы жылы бес жасқа толатын баланың пайдасына мемлекет бастапқы капитал есептейтін болады. Бұл шаралар азаматтарға білім алуға қаражат жинауға және жинақтаушы сақтандыру өнімдерін қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді.
Азаматтарымызды сақтандыру өнімдерін пайдалана отырып, қаражат жинауға ынталандыру үшін біз Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының өмірді жинақтаушы сақтандырудың барлық түрлеріне кепілдіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қазір Қордың кепілдігі барлық міндетті сыныптарға, зейнетақы аннуитеттеріне және МБЖЖ шарттарына қолданылады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінде жаңа сақтандыру төлемдері енгізілді. Зиянды өндірістерде 7 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлер 63 жасқа толғанға дейін сақтандыру ұйымынан ай сайын 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде төлем ала отырып, зейнетке ерте (55 жастан бастап) шыға алады. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам азаматқа 2,9 млрд теңге төленді. 2025 жылдан бастап ЖОМС шеңберінде зардап шеккен қызметкерлерге денсаулығын қалпына келтіру үшін оңалту төлемдері және еңбек жағдайларын жақсарту үшін жұмыс берушіге алдын алу төлемдері жүзеге асырылатын болады.
Соңғы 7 жылда нарықта жүктелген сақтандырудың жаңа 7 түрі пайда болды. Олар: адвокаттардың, заң консультанттарының, жеке сот орындаушыларының, кеден өкілдерінің, кеден қоймалары иелерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру және еңбек мигранттарын медициналық сақтандыру.
2024 жылы медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін жүктелген сақтандыру енгізілді. Сақтандырудың бұл түрі пациенттерді сапасыз медициналық қызметтерден қорғайды. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының 140 мың қызметкерінің жауапкершілігі сақтандырылды және бұл сан өсуде.
2025 жылы адамдардың жаппай жиналу объектілері иелерінің жауапкершілігін өрттен жүктелген сақтандыруды енгізу жоспарланып отыр.
Сақтандыру саласында маңызды жоба Қазақстан үшін апаттық сақтандырудың оңтайлы моделін әзірлеу болып табылады.
Бұл әсіресе табиғи апаттардың қаупі жоғары аймақтарда азаматтардың мүлкін қорғау үшін маңызды. Қазіргі сәтте халықты осындай сақтандырумен қамту өте төмен – ел бойынша орташа алғанда 3,2%.
Халықаралық тәжірибе апаттық сақтандырудың тиімді жүйелері көпдеңгейлі болып табылатындығын және бірнеше дереккөздерден болатын төлемді қамтитынын көрсетіп отыр. Қазақстан осындай жүйе құру үшін жұмыс істейтін болады, ол мемлекеттік-жекешелік әріптестікті және халықаралық компаниялардан тәуекелдерді қайта сақтандыруды қамтиды. Азаматтар үшін барынша сақтандыру өтемін қамтамасыз ету үшін апаттың жоғары деңгейдегі қауіпі бар өңірлерде тұрғын үйді міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі де қаралады.
– Бағалы қағаздар нарығы секторында қандай нәтижелер мен негізгі өзгерістерді атап өтуге болады? Биылғы жылға бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?
– Бағалы қағаздар нарығы белсенді түрде дамуда және негізгі көрсеткіштердің орнықты өсуін көрсетіп отыр.
2024 жылдың басынан бері акциялар нарығын капиталдандыру 23%-ға ұлғайып, 32,9 трлн теңгені құрады, бұл көрсеткіш 5 жылда 72,3%-ға ұлғайды. 2024 жылдың соңында Қазақстанның 84 компаниясы KASE-де акциялардың 99 атауын тіркеді.
Корпоративтік облигациялар нарығы да жоғары көрсеткіштер көрсетті. KASE-де айналыстағы корпоративтік борыш көлемі 13,7 трлн теңгеге жетті. Сауда тізімдерінде 126 эмитенттен 511 облигациялар шығарылымы есепте, оның ішінде 29-ы – бұл жаңа эмитенттер.
Капитал нарығында бөлшек инвесторлар санының айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл брокерлік қызметтердің және ірі ұлттық компаниялардың IPO-сының цифрландырылуы арқасында мүмкін болды. Нәтижесінде Орталық депозитарийдің (ОД) номиналдық ұстау жүйесіндегі шоттар саны 40%-ға ұлғайып, 3,4 млн шотқа жетті. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 25 есе ұлғайды.
Өткен жылы Агенттік қор нарығының инфрақұрылымын капиталдың жаһандық нарықтарының экожүйесіне ықпалдастыруды арттыру бойынша жұмысты жалғастырды. Негізгі жаңалықтар шот операторының және шетелдік есепке алу ұйымының қызметтері үшін жағдай жасау болды.
Бірінші бағыт шеңберінде отандық банктерге ОД-да депоненттің атына ашылған депоненттің шоттарын басқару бойынша қызметтер көрсету құқығы берілді. Бұл жаһандық кастодиандарға Қазақстанның бағалы қағаздарымен тікелей мәмілелер жасауға және жергілікті қор нарығында операциялық тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік береді.
ЕО елдерінің мысалы бойынша, Қазақстанның реттеуіне шетелдік есепке алу ұйымына ОД-дағы шоттағы эмиссиялық бағалық қағаздардың есебін жүргізуге және оларға құқықтарды растауға мүмкіндік беретін нормалар енгізілуде. Енді Euroclear және Clearstream сияқты жаһандық кастодиандар өздерінің номиналдық ұстау жүйелерінде Қазақстанның бағалы қағаздарына меншік құқықтарын растай алады. Бұл мәмілелер жасау процесін жеңілдетеді, есептеулер мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, ал бұл олардың түпкілікті құнын төмендетеді.
Сонымен бірге Агенттік есеп айырысу-клирингтік жүйелерді жетілдіру бағытындағы жұмысты жалғастырды. Өткен жылы Клирингтік орталықтың және ОД-ның қызметін кеңейту бойынша шаралар қабылданды.
Нәтижесінде Клирингтік орталыққа брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру құқығы берілді. Бұл шара Клирингтік орталықтың өз функцияларын орындау тиімділігін арттыруға және нарықта мәмілелерді орындаудың кепілдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, биржадан тыс нарықтағы ОД функционалы айтарлықтай кеңейтілді – конверсиялық операциялар жүргізуге және жеке тұлғалардың банктік шоттарын жүргізуге мүмкіндік берілді. Бұдан басқа, ОД өзінің ОТС платформасы шеңберінде биржадан тыс нарықта қаржы құралдарымен бөлшек инвесторлардың мәмілелеріне қызмет көрсете алады.
Сауда, клиринг және есеп айырысудың реттелген инфрақұрылымы арқасында 2024 жылы KASE және Клирингтік орталық түрлі халықаралық нарықта шетелдік бағалы қағаздардың саудасына қолжеткізуді ұсынатын Tabadul Hub цифрлық биржалық хабына (Абу-Даби) қосылды.
Инфрақұрылымдық институттарды дамыту бойынша қабылданатын шараларды халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Осы жылы Thomas Murray британдық рейтингтік агенттігі Клирингтік орталыққа A+ рейтингін берді. Осыған ұқсас бағалауға әлемдегі үздік 30 орталық контрагент ие. Thomas Murray есебінде де клирингтік қызметті реттеудің CPMI-IOSCO PFMI қағидаттарына сәйкестігі расталды.
Осылайша, бүгінгі күні Қазақстан капитал нарығының инфрақұрылымы оның Орталық Азия мен ЕАЭО-ның өңірлік хаб ретінде қалыптасуы үшін бүкіл ресурс пен техникалық мүмкіндікке ие.
Бағалы қағаздар нарығының секторында 2025 жылға арналған негізгі міндеттер – бұл ұжымдық инвестициялар нарығын дамыту және рейтингтік қызмет туралы жаңа заңнамалық базаны енгізу.
Соңғы жаһандық үрдістер мен қаржы нарығын реттеу стандарттарына сәйкес өткен жылы «Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» Заңды жаңарту және «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» жаңа Заңды әзірлеу жұмысы жүргізілді.
«Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы» жаңартылған Заңда ұжымдық инвестициялар нарығын реттеуді ырықтандыруға және жеке инвесторлар үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге негізгі басымдық берілді. Кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда қорлар құру мүмкіндігі заңнамалық деңгейде көзделіп, қорлардың жаңа жіктелуі мен түрлері енгізілетін болады.
«Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» жаңа Заңның шеңберінде мүдделер қақтығысын басқару, ақпаратты жария ету және корпоративтік басқару тәртібін қоса алғанда, рейтингтік агенттіктер жұмысының негізгі қағидаттары регламенттеледі.
Аталған заңнамалық бастамаларды іске асыру кредиттік тәуекелдерді тәуелсіз бағалау саласындағы меншікті құзыреттер орталығын құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейтеді және нарықты сапалы, объективті және қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз етеді. Жаңа заңның қабылдануы ШОБ-ты қоса алғанда Қазақстанның компаниялары үшін рейтингтік қызметтердің құнын азайтады және біліксіз инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Капитал нарығын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – бұл институционалдық сұранысты ынталандыру және инвесторлық базаны кеңейту.
Отандық қор нарығының әлеуетін нығайту мақсатында біз заңнамалық түзетулер әзірлейміз, олар бағалы қағаздарды шетелдік нарықтарда қатар орналастырған кезде Қазақстан эмитенттерінің бағалы қағаздарды ішкі орналастыруының үлесін 20%-дан 50%-ға дейін ұлғайтуды көздейді. Аталған өзгерістер ішкі қор нарығының өтімділігі мен капиталдандырылуын арттыруға, сондай-ақ жергілікті инвесторлардың сапалы қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Агенттік институционалдық инвесторлардың жаңа класы – эндаумент-қорлардың пайда болуы үшін жағдайлар жасау жұмысын жүргізуде. «Мақсатты капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» Заң қабылданғаннан кейін Агенттік эндаумент-қорлардың активтерін басқару тәртібін белгілейді және эндаумент-қорларға инвестициялау үшін қолжетімді қаржы құралдарының тізбесін айқындайды.
Сондай-ақ, біз цифрлық қаржылық активтерді дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізуді жоспарлап отырмыз. 2025 жылы Қазақстанның қор нарығында алғашқы токенделген ипотекалық облигациялар шығарылады деп күтілуде.
Бұдан басқа, Агенттік зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және зейнетақы активтерін инвестициялауға арналған қаржы құралдарының тізбесін кеңейту шараларын қабылдауда. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқару қызметтерін тек 5 компания ұсынады – «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ. Олардың басқаруында 63 млрд теңгеден аспайтын сомаға активтер бар.
Салымшыларды зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға барынша белсенді түрде аударуға ынталандыру мақсатында зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін бағалау кезінде композиттік индекстерге ауысу жоспарланып отыр.
Бұл тәсіл салымшының тәуекел мен кірістіліктің әртүрлі деңгейлеріне ие инвестициялық портфельді (консервативті, қалыпты, тәуекелді) таңдау мүмкіндігін көздейді. Зейнетақы активтерін басқарушылар инвестициялық стратегияларды дербес түрде әзірлейді және олар бойынша ең төменгі кірістілікті белгілейтін болады. Өз кезегінде, Агенттік әрбір инвестициялық стратегия бойынша эталондық портфельдердің ең төменгі кірістілігіне қойылатын талаптарды айқындайтын болады.
Біз тиісті шаралар қабылдау жеке басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін ұлғайтып қана қоймай, сондай-ақ қор нарығының өтімділігін арттыруға да оң әсер етеді деп күтеміз.
– 2025 жылы қаржы секторында тағы қандай өзгерістер болуы мүмкін? Қаржы нарығына қатысушыларды не күтеді?
– Біріншіден, келесі жылға арналған негізгі міндеттердің бірі – ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Банктер туралы жаңа заң әзірлеу. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдардың, қаржы секторына қатысушылар мен сарапшылардың қатысуымен жаңа заңды қалыптастырудың негізгі тәсілдерін талқылау жүріп жатыр.
Жаңа заң қазіргі заманның нақты талаптарына жауап беруі және банк секторының әрі қарай серпінді дамуына, сондай-ақ оның экономиканы қаржыландырудағы әлеуетін ұлғайтуға ықпал етуі керек.
Қаржылық-технологиялық секторды дамыту және банк секторында инновацияларды қауіпсіз енгізуге жағдайлар жасау жаңа заңды әзірлеудің негізгі тәсілі болады. Ол үшін банктердің қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына қатысу мүмкіндігін кеңейту және «реттеуші ортаға» қол жеткізуді жеңілдету көзделетін болады, сондай-ақ Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының жұмыс істеу қағидаттары белгіленеді. Төлемдер және төлем жүйелері, цифрлық активтер туралы ілеспе заңдардың шеңберінде цифрлық қаржылық активтердің айналымын реттеу енгізілетін болады.
Банктерді реттеуді жетілдіру шеңберінде артық реттеуші нормаларға қатысты тексеру жүргізіледі. Қаржы нарығын мемлекеттік реттеу туралы заң шеңберінде банктік, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын қоса алғанда, қаржы нарығының барлық секторларында басшы қызметкерлерді, ірі акционерлерді келісуге қойылатын бірыңғай талаптарды және басқа да талаптарды белгілеу жоспарлануда.
Банк секторындағы бәсекелестікті арттыру және ШОБ-қа кредит берудің өсуіне жағдай жасау үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес базалық және әмбебап банк лицензиясын енгізу пысықталады. Сараланған реттеу қолданылады, ол ірі және орнықты микроқаржы ұйымдарына банк секторына ауысу арқылы жаңа банктердің құрылуына мүмкіндік береді.
Исламдық қаржыландыруды дамыту үшін дәстүрлі банктерге бір лицензия шеңберінде исламдық қаржыландыру бойынша қызметті жүзеге асыру мүмкіндігін беру жоспарлануда. Бұл Таяу Шығыстан қаржылық институттар мен инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Банк жүйесінің орнықтылығын арттыру мақсатында ХВҚ ұсынымдарын есепке ала отырып, FSAP (Financial sector assessment program) қорытындылары бойынша төлемге қабілетсіз банктерді реттеу жүйесі, оның ішінде төлемге қабілетсіз банктерді реттеу кезінде мемлекеттік қатысу және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау реформаланады.
Сондай-ақ, Агенттіктің басым бағыттарының бірі – банк секторындағы бәсекелестікті арттыру. Жаңа шетелдік банктерді тарту үшін шетелдік банктердің еншілес банктер мен филиалдар ашу талаптарын ырықтандыру жөніндегі заңнамалық түзетулер әзірленді. Құжаттар тізбесін қысқарту, филиалдар үшін рұқсат берілген операциялар тізімін кеңейту көзделуде.
Сонымен қатар, биыл Ұлттық Банк пен Агенттіктің макропруденциялық саясат саласындағы функциялары мен міндеттерін нақтылау бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдау жоспарлануда.
Екіншіден, қаржылық-технологиялық секторды дамыту жағдайына бейімделу және іс-қимылды қадағалауды дамыту үшін Агенттік тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы жүйесінің құқықтық базасын қайта қарайды. Жаңа тәсіл барлық мүдделі тараптардың жауапкершілігі қағидаттарында банктердің, тұтынушылардың және мемлекет мүддесінің тепе-теңдігін есепке алады.
Осы мақсатпен Агенттік қаржылық өнімдер сапасының және барлық іс-қимыл жасау кезеңдеріндегі қызмет көрсетудің қатаң стандарттарын сақтауға қойылатын талаптарды күшейтеді. Тұтынушылардың деректері мен активтерін қорғау үшін Агенттік қаржылық шығындар жағдайында банктер мен тұтынушылар арасында жауапкершілік туралы ашық келісімді қамтамасыз етеді. Бір жағынан, жауапты банктер тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіндегі өз қателерінен пайда алмауға тиіс болып, келтірілген зиянды өз бетінше өтейтін болады. Екінші жағынан, тұтынушылар да өз міндеттемелерін орындағаны және зиянға алып келген өрескел қателері үшін жауапты болады. Мұндай тәсіл тараптардың арасындағы міндеттер мен жауапкершіліктің әділ тепе-теңдігін белгілеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, шағымдар мен дауларды қараудың тәуелсіз және әділетті функциясын қамтамасыз ету бойынша талаптар күшейтіледі. Банк деңгейінде келісімге қол жеткізе алмаған жағдайда, тұтынушы қаржы омбудсманының тәуелсіз офисіне жүгінуге құқылы, ол дауларды сотқа дейінгі реттеудің негізгі тетігі ретінде қаржы нарығындағы әділдікті қамтамасыз етеді. Мұндай тетікті құру сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және секторлар, жекелеген қаржы ұйымдары деңгейіндегі іс-қимылды және Агенттік тарапынан оқиғаларды бағалау арқылы қаржы нарығын реттеу сапасын және одан әрі дамытуды арттырады.
Үшіншіден, цифрландыру аса маңызды бағыттардың бірі болады. Соңғы бес жыл ішінде қаржы нарығының айтарлықтай өзгергенін атап өткен жөн: банктер белсенді түрде цифрлық технологияларды енгізуде, қызметтерді онлайн-форматқа ауыстыруда және ішкі процестерді автоматтандыруда. Бұл көлемі үдемелі түрде өсіп келе жатқан жаңа деректердің көп мөлшерде туындауына алып келді.
Цифрлық өнімдер банктік қызмет көрсетуде стандарт болды. Мүмкіндіктермен қатар тәуекелдердің жаңа түрлері және одан әрі көп деректерді өңдеу қажеттілігі туындауда. Бұл өзгерістер бізден цифрлық қаржы реттеушісіне ауысуды талап етуде.
Цифрландыру қадағалаудың дәстүрлі құралдарын алмастырмайтынын, оларды тиімдірек етіп, жаңа мүмкіндіктермен толықтыра түсетінін атап өткен маңызды. Заманауи технологиялар деректерді жинауды және талдауды автоматтандыруға, тәуекелдерді анықтау процесін жеделдетуге және реттеушілік нормалардың сақталуын бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Агенттік тек қана классикалық цифрландыру құралдарымен шектелмей, процестерді автоматтандыру, роботтандыру, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін белсенді түрде енгізуде.
Бұл тәсіл қаржы реттеушісінде SupTech дамыту үшін негіз қалыптастыруда. SupTech-тің маңызды жобасы Бірыңғай қадағалау платформасын (БҚП) құру болып табылады, ол лицензиялауды, пруденциялық және іс-қимылды қадағалауды, сондай-ақ қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылды қоса алғанда, қадағалау қызметінің тұтас циклын қамтиды. Бұл ретте, біз тәуекелдерді анықтау уақытын қысқартуға және барынша жылдам ден қою үшін қадағалау моделіне ең аз уақыт аралығында өтуге тырысамыз.
Жалпы алғанда, бұл міндеттердің барлығын іске асыру Агенттіктің қадағалау қызметін жетілдіре түсуге мүмкіндік береді, қаржы нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтеді.
Сұхбат Kapital.kz іскерлік басылымында жарияланған
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -