«Майлин» полигонында танктен штаттық атыстар өтті
Аягөз гарнизонының оқу полигонында Т-72 жауынгерлік машинасынан штаттық атыстар орындалды. Оған танк құрамасы үшінші танк батальонының танкистері қатысты.
Танктен атудың басты мақсаты – әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығының практикалық машығын дамыту, штаттық қару-жарақтан ату және атысты басқаруды ұйымдастыру дағдыларын жетілдіру. Т-72 танкінің қару-жарағынан штаттық атыс жылына екі рет жүргізіледі.
Оған әскери қызметшілер алдын ала дайындалады. Танкистер қарудың материалдық бөлігін зерделеп, қауіпсіздік техникасымен, атыс тәртібімен танысады, атыс дайындығы бойынша нормативтерді жетілдіреді. Полигонға келгеннен кейін әр экипаж іс-әрекеттің мәні мен тәртібін нақты көрсетеді.
Сабақ бағдарламасына нысаналарды қашықтан атып жою жаттығулары, сондай-ақ танкке оқ-дәрілер жиынтығын салу және қару-жарақты жауынгерлік жағдайға келтіру бойынша практикалық нормативтерді орындау кірді.
– Полигонда танкист нағыз кәсіпқойға айналып, танктің күшін сезінеді. Жауынгерлік машинаның қабілетін іс жүзінде көре алады. Осындай оқу-жаттығу барысында біз әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі мен психологиялық тұрақтылығын бағалаймыз, – деп атап өтті танк әскери бөлімінің командирі подполковник Дастан Мұхаметжанов.
Атыс қорытындысы бойынша танк экипаждары барлық қажетті нормативтерді сапалы әрі жылдам орындап, «өте жақсы» деген баға алды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -